Браконьерлерге қатысты жауапкершілік күшейеді
48 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 77,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Соның 69,1 млн теңгесі өндіріліпті. Ал жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті 3 мыңға жуық киікті атып, мүйізін Қытайға жібермек болған қылмыстық топты құрықтады.
Браконьерлерге неге тыйым болмай тұр? Бұл олқылықты тез арада жойып, құқық қорғау органдарына заңсыз әрекеттерді тоқтату туралы Президент те тиісті тапсырмасын берді. Енді заңға қандай өзгерістер енгізілмек?
Браконьерлер табиғат байлығы киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек.
Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ киелі киіктерді атып, мүйіздерін Қытай еліне контрабандалық жолмен сатып, тасымалдауды көздеген екен. Қолға түскен қаскөйлерден 1 тонна 118 келіге жететін дала еркесінің мүйізі тәркіленді.
Аркен Абдуғали, ҚР ҰҚК ресми өкілі:
- Мамандардың есебі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінен мемлекетке келген зиян 5 млрд-ты құрайды. 664,6 млн теңгені құрайды. Осы факті ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы және 339-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Қылмыстық топтың 18 мүшесі ұсталды, оның 9-ы сот санкциясымен қамауға алынды.
Қызыл кітапқа енген жануарларды браконьерлер қынадай қырып қана қоймай, оларды қорғап жүрген инспекторларға да қарулы қарсылық көрсетіп жүр. Осындай қақтығыстардан биыл 2 қорықшы көз жұмған. Тағы бірі қаскөйлердің соңынан қуып, мерт болды.
Айтуар Туғанбеков, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасының міндетін атқарушы:
- Қызылорда облысында біздің инспекторлар далада прожектор жағып кетіп бара жатқан машинаны байқаған. Кейін олардың ізіне түсті. Браконьерлер қашуға әрекет етеді. Ал соңдарынан қуған қорықшылардың көлігі аударылып, жарақаттардың салдарынан бір инспектор көз жұмды.
Енді браконьерлікке қатысты жауапкершілікті күшейту туралы Президент тапсырмасы аясында заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына беріліпті. Жаңашылдықта инспекторлық құрамды әлеуметтік қорғау және оқыту қарастырылған. Тағы қаруды пайдалану құзыреттілігі де кеңейтілмек. Яғни инспектор браконьердің өзіне оқ жаудырғанын күтіп тұрмай, қаруды бірінші болып кезену мүмкіншілігі қарастырылған.
Асхат Қайнарбеков, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:
- Браконьерлерге байланысты Қылмыстық кодексінде 322, 328, 329-шы баптарына өзгерістер енгізіледі. Мысалы бұрын 150 АЕК деп, 1 жылдан 2 жылға дейін болса, енді 2-ден 5 жылға дейін күшейту болсын деп ұсыныс енгізіп отырмыз.
Тағы табиғат қорғау қызметтері браконьерлермен күресу үшін электрошокерлер, арнайы техникалар, дрон және камералармен жарақтандырылмақ. Материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін 2022 жылға дейін 6 млрд теңге қаржы қажет.
Авторлары: Риат Шони, Аян Сәрсенбаев