Павлодар-Қарағанды бағытында жүретін жолаушылар автобусы елді дүрліктірді
Қарағанды-Павлодар бағыты бойынша жүретін мекемелердің текетіресі салдарынан жолаушылар діттеген жеріне бір сағаттан астам уақытқа кешігіп барды. Оған қоса Павлодар автовокзалының маңында көлік кептелісі пайда болып, трамвайлардың қозғалысына да кедергі келді.
Бейнематериалда тасымалдаушылардың бірі екіншісінің жолын кесіп, соңы үлкен көлік кептелісіне ұласқаны көрініп тұр. Ал автобустағы 31 жолаушы баратын жеріне кешікті. Осы оқиғадан кейін тәртіп сақшылары қадағалауды күшейтті.
Арман Қаптаев, Павлодар қалалық ЖПҚ бастығы:
- Кешегі оқыс жағдайдан соң құқықбұзушылық қайталанбас үшін алдын алу жұмыстарын қолға алдық. Заңсыз әрекеттерге жол бермес үшін тексеріс жүріп жатыр.
Екінші кәсіпорынның жүргізушісі Қарағандыға жүруі тиіс автобустың жолын кеспекші болған. Заңсыздыққа оқталған кәсіпкер жауапқа тартылды. Оның қолында қажетті құжаты болмай шықты. Вокзал өкілдерінің айтуынша, тасымал Қарағанды автобус паркінің келісімшарты негізінде жүзеге асты. Оны айғақтайтын құжат та бар.
Евгений Пелипенко, Павлодар автовокзалының директоры:
- Жекеменшік тасымалдаушы екінші күні жүру керек еді. Бұл іске жауапты мемлекеттік органдар араласты. Жолаушыларды екінші автобусқа отыруға үгіттеді. Мұны қалай түсінуге болады? Біз бұған дейін Екібастұз, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларына жолаушы тасыдық. Ал Қарағандыға төрт маршрутымыз болды. Енді бұл мүмкіндік те жоқ.
Жергілікті автовокзал соңғы бірнеше жылда ішкі нарыққа қызмет көрсетуден қол үзген. Мамандар «Бұл кедергілер қолдан жасалды» деген уәж айтады.
Павлодар автовокзалы – еліміздегі үздік және заманауи кәсіпорындардың бірі. Бір жыл бұрын инвестор қомақты қаржы бөліп, бұл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізген. Бүгінгі таңда кәсіпорын тәулігіне 8 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Неге екені белгісіз, бірнеше жыл бұрын сапаржай Қазақстанның ішкі нарығына қызмет көрсету мүмкіндігінен айырылған. Ал тәуліктік қуаттылығы 1200 жолаушыға дейін азайып кетті.
Көлік компаниясының техникалық мүмкіндігі болса да, соңғы бірнеше жыл бойы тендерді ұта алмай жүр. Бүгінде 120-дан астам маманның 80-ге жуығы ғана қалған. Басым бөлігі – жүргізушілер. Қазіргі таңда Ресейге 10 рейс жүзеге асырады.
Виктор Исайкин, тасымалдаушы ұйымның жүргізушісі:
- Автобустарымыз жақсы. 30 жылдан астам тәжірибем бар. Бұрын Қазақстан ішінде жолаушы тасымалдадық. Қазір тек халықаралық рейстердеміз. Ішкі нарықта да қызмет еткіміз-ақ келеді. Кешке Новосібірге жол тартамын.
Бұл жайтқа қатысты жауапты мемлекеттік орган өкілдері түсінік берді. Сонымен қатар жергілікті тасымалдаушыға тендерді ұтып алуға еш кедергі жоқ екенін алға тартты.
Диана Мұханова, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Жолаушылар тасымалы нарығында «Тасымалдаушы ұйымға қарсылық көрсетілді» деген пікірді жоққа шығарамын. Мемлекеттік орган тарапынан өткізілетін конкурстың барлығы заңды. Екі тасымалдаушы арасындағы қатынас туралы хабардармыз. Әрине, әрекетке жол берілмеуі тиіс еді. Біз өз тарапымыздан тексеріс жүргіземіз.
Алдағы уақытта жауапты мемлекеттік орган кешенді шараларды қолға алмақ. Ал жолаушылар: «Саладағы түйткілдердің түйіні тезірек тарқаса екен», – деп отыр.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий