Параспортшы Бақтыгүл Әлімбекованы алаяқтар сан соқтырып кетті
Бірінші санаттағы мүгедек аяғына протез алу үшін әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен қолдау сұрап, аз күнде қайырымды жандардың қолдауымен 600 мың теңге жинаған. Бірақ Бақтыгүлдің бақыты ұзаққа созылмады, алаяқтар қаржыны шотынан сыпырып алған.
Бақтыгүл Әлімбекова – стол теннисінен спорт шебері. Биыл Бозфор бұғазын жүзіп өткен санаулы спортшыларымыздың бірі. Бір аяғы кем. Бірақ ол қандай қиындық болмасын жеңуге тырысып, алға ұмтылумен келеді. Аяғына жаңа протез алуға өз қаржысы жетпеген соң, әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрайды. Жиналған қаржы көлемі туралы күн сайын парақшасында есеп беріп, жариялап отырған. Сол сәтті пайдаланған алаяқтар хабарласып, 120 мың теңге аударамыз деп уәде етеді. Алайда...
Бақтыгүл Әлімбекова, қала тұрғыны:
- Олар: «Қазір бухгалтер үйіне асығып тұрмыз, сізге сілтеме жібереміз, соны толтырыңыз, сосын біз сізге ақшаны жібереміз», – деді. Сол айтқан заттарын толық істедім.
Әлеуметтік желі арқылы түрлі айла-тәсілдерді қолданған алаяқатар Бақтыгүлді алдап кетті. Төлем картасының құпия кодтарын сұрап алып, депозиттік шотындағы 600 мың теңгені жымқырған. Ал ешқашан көрмеген және танымайтын бейтаныс адамдардың уәдесіне сеніп қалған Бақтыкүл өзінің алданғанын кеш түсінді. Жалпы осындай жағдайға душар болмас үшін мамандар сақтық шараларын естен шығармау керек деп ескертеді.
Константин Пак, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілі:
- Төлем картасында банк қызметкеріне айтатын және ешкімге көрсетуге болмайтын құпия сандар мен кодтар болады. Әсіресе күмәнді веб-сайттарда оларды жазуға мүлдем болмайтынын ескертеміз.
Ал алаяқтардың арбауына түсіп, жинаған ақшасынан айырылған Бақтыгүл қалалық Полиция департаменті мен банкке арызданды. Қазір тергеу-тексеру жүргізіліп жатыр. Мамандардың пікірінше, қазір әлеуметтік желіде көмек сұраушы алаяқтар көп. Олардың ақ-қарасын ажыратып алу қиынға соғады. Ең бастысы банктегі жеке шотыңыз бен қаржылық құжаттарыңызды қатаң құпияда ұстау керек.
Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуарад Кон, Радик Жақыпов