Алматылық полицейлер толғақ қысқан келіншекке көмектесті
Кешқұрым толғағы қысып, көлік кептелісінен діттеген жеріне жете алмай тұрған келіншекті жол полициясы қызметкерлері дер кезінде перзентханаға жеткізген. Ал сәбидің туыстары көмекке келген сақшыларды әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып, алғыстарын білдірді.
Босанатын уақыты жақындап қалған Айнұр Мырзатаеваның толғағы кешқұрым уақытта басталған. Жедел жәрдем шақырып үлгермейтінін сезген отбасы, келіншекті перзентханаға өз көліктерімен жеткізбек болады. Алайда олар сағаттап жылжымай тұратын кептеліс уақытына тап келген. Толғақтың жиілігін байқаған туысы көліктен түсе сала, келесі қатарда келе жатқан жол патрульдік полиция қызметкерлерін көмекке шақырады.
Гүлмира Сүлеймен, жас ананың туысы:
- Есікті ашып, қалай көмек сұрағанымды өзім білмеймін. Бір сұрақ қоймай, алдымыздан жүріп, артымыздан тағы бір экипаж шақыртып, аз ғана 20 минуттың ішінде бізді перзентханаға жеткізіп тастады. Мұндай көмек болмағанда, аяқ жағы не боларын да білмеймін. Көп рахмет!
Данияр Әбдісәлімов, қалалық жол полициясының аға инспекторы:
- Біз полиция лейтенанты Бақыт Әлімбетов екеуміз әл-Фараби даңғылындағы қауіпсіздікті қадағалап жүрген едік. Аяғы ауыр келіншектің туыстары көмек сұрағаннан кейін, көліктегі дабылды қосып, кептелісте тұрған жолды ашып, оларды перзентхнаға жеткізіп салдық. Қабылдау бөлмесіне аман-есен кіргеніне көз жеткізген соң, әрі қарай қызметімізге кеттік.
Перзентханаға жеткен бойда көп ұзамай дүниеге келген қыз балаға туыстары Жансая деген есім береді. Ал оның аман-есен өмірге келуіне себепші болған полиция қызметкерлерін бұл отбасы әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып алыпты. «Біз тек өз міндетімізді атқардық», – деп қарапайым ғана жауап қатқан тәртіп сақшылары перзентханадан шыққан анасы мен нәрестеге гүл шоқтарын ала келіпті. «Енді бұл екі азаматты біз әулетіміздің жақыны деп білеміз», – дейді кішкентай Жансаяның туыстары.
Авторы: Алуа Маханбет