Ауылдарға интернет тарататын ұялы байланыс операторларына салықтық жеңілдік жасалады
Салықтық жеңілдіктер кемінде 250 адам тұратын елді мекенге мобильді интернет ұсынатын операторларға жасалады. Қазір қабылдауға және таратуға енi 1 МГц жиiлiктер белдеуi үшiн жылдық төлемақы мөлшері елорда, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар үшін жылына 2300 АЕК-ті құрайды. Министрлік бұл мөлшерді алдағы 4 жылда 10 есе, яғни 230 АЕК-ке дейін төмендетуді ұсынып отыр. Осылайша министрлік қала мен дала арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқартпақ.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цирфлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Тұтынушы неғұрлым көп болса, кез келген жобаның кірісі соғұрлым жоғары болады. Мұны біз жақсы түсінеміз. Ауылдық жерлерде халық саны көп емес. Мұндай елді мекендерді кең жолақты, қолжетімді интернетпен қамтуға бағытталған жобалар біршама тиімсіз. Ол шығынның орнын толтыру үшін тиісті төлемдерді шамалы төмендету туралы ұсыныс бар.
Дегенмен депутаттар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына көңілі толмайтындарын ашық айтты. Қазақстан бойынша 93 мектеп пен 1298 денсаулық сақтау нысанында интернет мүлдем жоқ. Бар болса да тым әлсіз. Елдің 14 аймағында жүргізілген талдау көрсеткендей, кең жолақты интернетке қолжетімділік бойынша ең төменгі көрсеткіш Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында. Ал Түркістан, Ақмола және Маңғыстау облыстары интернетпен қамтылу көрсеткіші бойынша үздік үштікке еніп отыр.