Алматылық мамандар қала нысандарының сакралды картасын жасамақ
Тарихи көркі сақталуы тиіс ерекше ғимараттар тізімін жасауға қала тұрғындары да өз ұсыныстарын білдіре алады.
Мың жылдан аса тарихы бар Алматының 130-дан астам сәулет ескерткіші республикалық және жергілікті маңызы бар ғимараттар тізіміне енген. Олардың қатарында «Қазақстан» қонақ үйі, Республика сарайы, цирк ғимараты, оқушылар сарайы сияқты бірнеше қайталанбайтын сәулет нысандары бар. Алайда мамандар: «Тарихы терең Алматыда ерекше үйлер өте көп», – дейді.
Жанат Айтілеу, «Алматы бас жоспары» ҒЗИ бас кеңесшісі:
- Қазір жалпы 130-дан аса ғимарат бар. Ол әрине, біздің қалаға аз. Қаланың орталық тарихи аумағы, соның ішінде біраз тұрғын үй мен қоғамдық ғимарат бар. Солар бірінші тізімге кірмей қалған. Олар өз дәуірінің ерекше туындылары болып есептеледі. Сол дәуірдің сәулет өнерін сақтап қалу үшін сондай кешенді құрылыстарды кіргізу жоспарда бар.
Алматыдағы бірегей тарихи нысандарды түгендеп, олардың картасын жасаған «ArchCode Almaty» қоғамдық ұйымы 757 ерекше ғимаратты мемлекет қамқорлығына алу жөнінде ұсыныс жасаған. Олардың қатарында Достық даңғылының бойындағы Үш батыр тұрғын үй кешені, Құрманғазы көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы бұрынғы «Пионер» дүкені орналасқан ғимарат бар. «Қаланың өткен ғасырдағы келбетінен хабар беретін бұл ғимараттардың бастапқы қалпын сақтауға міндеттіміз», – дейді жанашырлар.
Анель Молдахметова, «ArchCode Almaty» жобасының негізін қалаушылардың бірі:
- Аппараттық-студиялық кешені лайықты мәртебеге ие бола алмай отыр. Біз оны бірегей ғимараттар тізіміне енгізуді ұсындық. Комиссия әзірге шешім шығарған жоқ. Сонымен қатар Қарасу ықшам ауданындағы Мәдениет үйінің мозайкалық көрінісі ерекше. Бұл нысанды қарапайым тұрғындар ұсынды.
Бірегей ғимараттар белгілі бір талап бойынша таңдалмайды. Ең бастысы, қайталанбайтын сәулеттік нышаны бар қаланың тарихи келбетін толықтыратын ғимарат болуы тиіс.
Алматыдағы бастапқы келбеті сақталуы тиіс ғимараттар туралы ұсынысты тұрғындар қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтындағы «Бірегей ғимараттар каталогы» айдарына жібере алады. Оларды сараптау комиссиясы талқылап, ашық қоғамдық тыңдауға жібереді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев