СҚО-да жақында тапсырылған үй желге шыдас бермей бүлінді
Соның салдарынан Смирново ауылының тұрғындары қыста бүрсең қағып отыр.
Жертөле он екі ай бойы кәріз суына толы. Ал күні кеше қатты желдің салдарынан кіреберістің алдыңғы қабырғасы құлады.
Төтенше жағдай кеше түнде болды. Тұрғындар ұйқыда жатқан кезде қатты жел кіреберіс қабырғасын құлатқан. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Дәурен Сапаров, Смирново ауылының тұрғыны:
- Түнгі 23:30 кезінде қатты дауыс естілді. Далаға шықсам, желден кіреберіс қабырғасы құлаған.
Екі қабаттан тұратын екі үй «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылды. Жоба құны – 297 млн теңге. Небәрі 3 жылда құрылыстың сапасы сыр берді.
Үйдің қаншалықты сапалы тұрғызылғандығын қолмен шертіп жүріп көруге болады. Мәселен, есіктің төбесінде жарық пайда болған. Оның іші бос. Ал үй дәлізіне кіре бергенде еденге төселген плиталарды тіптен қолмен қопара бересіз. Кіреберістің алдыңғы бөлігі құлағанын әкімдіктегілер кеш естіген.
Марат Нұрсайытов, Аққайың аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Мен бұл оқиға жайлы 30 минут бұрын ғана естідім. Себебі іссапарда болған едім. Мән-жайды біле сала бірден осында жеттім.
Жаңа деген аты болмаса, заты мүлдем басқа. Тұрғындар қыста бүрсең қағып отырады. Ал үйдің жертөлесі жыл он екі ай кәріз суына толы.
Марина Ахмадеева, Смирново ауылының тұрғыны:
- Пәтеріміздегі жағымсыз иіс қолқаны қағады. Ал қыста тоңып отырамыз. Естуімізше, бұл үйлер Жұмыспен қамту бөлімінің балансында тұр. Аталған мәселені айтып барған едік. Жауапты мамандар: «Бізде қаржы жоқ», – деп қысқа қайырды.
Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тұрғындарға: «Пәтер ұнамаса, баспананы босатыңдар», – деп отыр.
Үй 2 жыл кепілдікте болды. Алайда қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қосалқы мердігер айналыспақшы.
Асхат Қашығанов, қосалқы мердігер компанияның өкілі:
- Мүмкін құрылыс материалдарының сапасы нашар болған шығар. Барлық кемшілікті анықтайтын боламыз. Қажет болса, жөндеу жұмыстарын жеке қаражатымызға жүргіземіз.
Негізінен бұл – жалдамалы коммуналды үйлер. Қазір мұнда 36 отбасы түтін түтетіп отыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев