Омбыдағы халықаралық форумда экономикалық тақырыптар көтеріледі
Екі ел басшылары бұл жолы Омбыда кездеседі. Басқосу іскерлік қарым-қатынастардың көкжиегін кеңейту жолдары талқыланатын мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері үшін тиімді алаң болмақ.
Шаһар үлкен құрылыс алаңына айналды. Форумға дайындық аясында 13 қоғамдық орында жұмыс қызу жүріп жатыр. Басты мақсат – қаланың тарихи келбетін сақтап қалу. Қоғамдық көліктер кезең-кезеңмен жаңартылып, жылы аялдамалар да орнатылуда.
Юрий Бибик, Қолайлы жайлы қалалық орта қалыптастыру басқармасының басшысы:
- Көпқабатты үйлерді жөндеуге 1 млрд рубльге жуық қаржы бөлінді. Бұдан бөлек көшелердің асфальт жабындылары ауыстырылып жатыр. Ал инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 300 млн рубльден астам ақша жұмсалды.
Ресеймен сауда-саттық орнатқан 90-ға жуық елдің ішінде Қазақстан бірінші орында. Бүгінде алыс-берістің 25% қазақ еліне тиесілі. Биылғы 6 айында тауар айналымы 160 млн АҚШ долларына жеткен. Ал былтырғы көрсеткіш – 280 млн. Көбі – экспорттық өнім. Импорт бойынша отандық тамақ өнімдері жоғары сұранысқа ие. Бұған дүкендер желісі дәлел.
Екатерина Петрова, Омбы қаласының тұрғыны:
- Жартылай дайын өнімдер, тәттілер, сүт, ірімшік сатып аламын. Дәмді әрі табиғи. Көңілімнен шығады.
«Қазмаркет» дүкендері Омбының әр округінде бар. «Дегенмен өнімді шекарадан өткізудегі кей кедергілер жеңілдесе екен», – дейді сала өкілдері.
Елена Богатова, дүкендер желісінің бас директоры:
- Форум аясында шекарадан тауар тасымалдаудағы процедураларды жеңілдету мәселесі қаралса игі. Бума-бума құжаттар керек, оларды жинау қиын. Алғашқы дүкеніміз 12 жыл бұрын ашылды. Бүгінде олардың саны 9-ға жетті.
Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы халықаралық форум 16 жыл бұрын Омбы жерінде өткен болатын. Сол сәттен бері Қазақстан мен Ресей арасындағы әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени байланыстар беки түсті. Игі дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Форум аясында аса маңызды мәселелер талқыға салынбақ. Солардың қатарында Ертіс өзенінде жүк тасымалын арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар әскери байланыстардың көкжиегін кеңейту мәселелері де бар.
Алғашқы форумнан бүгінгі күнге дейін шекаралас елдер түрлі бағыттағы мәселелердің түйінін тарқатып келеді. Шикізаттық емес экспорт, әйелдер кәсіпкерлігі, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы сынды бағыттар аталмыш жиында қамтылмақ.
Ирина Сербина, Омбы облысы Инновациялық әлеуметтік жобалар орталығының жетекшісі:
- Әйелдер кәсіпкерлігі бойынша қазақстандық тәжірибе қажет. Бұл сала көрші елде қарқынды дамыған. Яғни әлеуметтік бизнесті гүлдендіруіміз керек. Осылайша жұмыспен қамту, көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарды қолдау мәселелері шешілмек.
16 жыл ішінде түйіні тарқамаған мәселе бар. Ол – Ертісте жүк тасымалын дамыту. Қос елді байланыстырған өзен үздік 20 су жолына айналуы тиіс. Ертісті тереңдету, өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіру, алыс-берісті арттыру сынды стратегиялық мақсаттар мемлекет басшылары деңгейінде қаралмақ.
Денис Кушнер, Омбы облысы экономика министрінің орынбасары:
- Өкінішке қарай, ресейлік тарап тиісті жұмыстарды жүргізген жоқ. Омбы облысының үкіметі бұл мәселені өздігінен шеше алмайды. Біздің тарап өзен жолдарын реттемейді. Бұл федералды министрліктердің құзырында. Біз өтініштер жолдап талпынсақ та, нәтиже көңіл көншітпейді. Өзекті мәселе форумда қаралып, нақты шешімдердің боларынан үміттеміз. Өзен екі елге пайда әкелу керек.
Қазақстандық студенттердің ең үлкен диаспорасы Омбы облысында. Бүгінде өңірдің 19 оқу орнында 12 мың студент білім алады.
Қуаныш Елеутаев, «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы:
- Форумға артар үміт мол. Бізді қазақ тілінің болашағы толғандырады. Бүгінде Омбы облысында қазақ балалары оқитын 20-ға жуық мектеп бар. Қазақ тілі факультатив емес, пән ретінде енгізілсе екен деген ниеттеміз. Сонымен қатар көрші елдегі қоғамдық ұйымдармен байланысымыз беки түскенін қалаймыз.
Форум аясында шекаралас жобаларды қолдаудың ортақ бағдарламасы таныстырылмақ. Қос елдің дипломаттары бес панельдік сессияда келелі мәселелерді талқылайды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий