Семейде жаңадан салынған балалар алаңының жабындысы сөгіліп кетті
Биыл қаладағы аспалы көпірдің жолын жөндеуге 54 млн теңге бөлінген. Өкінішке қарай, жаңа асфальт қайтадан тесіліп қалған. «Балалар алаңқайы да сапасыз салынған», – дейді тұрғындар.
Бұл – Семейде салынған балалар алаңқайының ашылу салтанаты. Оны Селевина көшесінің тұрғындарына қаладағы ірі кәсіпорын басшылары 5 млн теңге бөліп, сыйға тартқан. Бірақ олардың қуанышы ұзаққа бармады.
Қайнигүл Дәнібаева, қала тұрғыны:
- Салғандары көңілімізден шықпайды. Балалар ойнаса да, құласа да, зиян ғой. Сапалырақ салу керек еді.
Тұрғындардың ашуын тудырған тағы бір нысан – көпір. Бұл өткелді Германиядан арнайы алынған мамандар жөндеген. Ой-шұңқырлар тың технологиямен тегістелсе де, бірінші жаңбырда сыр берген. Осыған бюджеттен 54 млн теңге бөлінген.
Ерлан Ағаралов, «Көгалдандыру және абаттандыру бөлімі» МКҚК бас директоры орынбасараның міндетін атқарушы:
- Жаңбырдан кейін жолдың жөнделмеген жерлері тесіліп қалған. Ал жаңадан төселген асфальттің сапасы жақсы. Оны қыста бақылаймыз.
Биыл көпірді күтіп ұстау қаланың қарамағына өтті. Енді оның тағдыры Семей билігінің қолында. Қазір ең үлкен өткелді қалпына келтіру үшін 5 млрд теңге керек.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов