Қазақстан мен Түркия арасында әскери ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлданды
Мәжіліс депутаттары осы туралы келісімді ратификациялау жобасын мақұлдады. Екіжақты келісім былтыр Анкарада рәсімделген. Бұрынғы жоба ескіріп, ұлттық заңнамаға сәйкес келмейтіндіктен, жаңа келісім әзірленді. Қазір бұл құжатта әскери даярлық пен оқытуды қоса алғанда, бұған дейін қамтылмаған бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, картография, гидрография, әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік транзиті, медициналық көмек көрсету және т.б. мәселелер нақты көрсетілген. Түркия Солтүстік Атлантикалық Келісім ұйымына мүше болса, Қазақстан ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының құрамында екені мәлім. Депутаттар осы тұста халықаралық стандарттарға қайшылық туындамайтынын сұрап білді. Сондай-ақ Қазақстан бірқатар әскери мамандық бойынша курсанттарды Түркияға оқуға жіберуді жоспарлап отыр.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл – тең құқықты және өзара тиімділік қағидаттарында қаралған келісім. Әскери даярлық, бірлесіп жаттығулар өткізу, әскери барлау, қорғаныс өнеркәсібі, бітімгершілік опреациялары, ғылыми-техникалық зерттеулер секілді т.б. бағыттар нақты түрде қаралған.
Мәжілісте сондай-ақ «Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжат негізінде сотталушыны өз еліне тапсыру үшін ол қабылдаушы тараптың азаматы болып, жасалған әрекет екі жақтың заңы бойынша қылмыс деп саналуы тиіс. Әрі өтелмеген жаза кемінде бір жыл болуы керек. Ал ел егемендігіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін болса оны беруге рұқсат етілмейді.