Ертіс өңірінде талай ақау анықталған жол учаскелері қайта жөнделеді
Бұл – «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 10 шақырымдық учаскесі. Құрылыс жобасын әзірлеуде қателіктер анықталғандықтан, учаске салынбай қалған. Құжатқа өзгерістер енгізілді. Енді оның құрылысы біткенше жүргізушілер жол азабын тартуда.
Социал Сағанаев, жүргізуші:
- Күнде осыны көріп жүрміз. Мына айналдырған 5-6 шақырым жер. Былай ойласаңыздар, мына жол Семейге баратын трасса болып саналады. Кейпі мынау, шұрық-шұрық болып жатыр.
«Ертіс-Қарағанды» арнасынан өтетін көпір құрылысында да олқылықтар көп болған. Жұмысына салғырт қараған мердігерге қатысты шара қолданылып, қателіктер түзетілді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- «Екібастұз-Майқайың» бағытындағы жол учаскесінің құрылысына мемлекет бюджетінен 820 млн теңге бөлінген. Бұл жол екі жыл бұрын қолданысқа берілген. Алайда биылғы жылдың көктемінде осындай ақаулар анықтала бастады. Енді бұл мәселе бойынша кешенді тексеріс жұмыстары басталады.
Облыстық маңыздағы жолдың 29 шақырымы осындай күйде. Мамандардың айтуынша, жол арқылы салмағы 24 тоннадан асатын көліктерге рұқсат етілмеуі тиіс. Десе де 40 тонналық көліктердің қозғалысына кедергі жоқ. Салдарынан жол отыра бастаған.
Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:
- Осы жерден пробалар алдық. Оның жартысына сәйкес тығыздық коэффициенті келмейді. Соның бәрі сайып келгенде жолдың нашарлығына алып келді. Біздің тарапымыздан хаттаманы автомобиль жолдары комитетіне жібереміз, сондай-ақ құрылыс комитетіне де беріледі. Сосын ГАСК инженерлік компанияға шара қолданады.
Мердігер ұйым өкілдері сарапшылардың пікіріне қарсы емес. «Тек жолды сақтап қалу үшін ауыр көліктің жүруі қадағаланса», – дейді.
Исламбек Құлтыманов, мердігер ұйым директоры:
- Бұл – ауыр жүк таситын көліктердің кесірінен туындаған мәселе. Міне, жолдың оң жағы отырып қалған. Бұл туралы органдарға шағымдандық. Нәтиже жоқ. Кепілдік бердік, енді қайта жөндеуге мәжбүрміз.
Сарапшылардың айтуынша, жолдың нашар сапасы үшін бірінші кезекте жоба авторларына қатысты шара қолданылу керек. Қазіргі уақытта тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға бұзушылықтарды жою туралы хаттар жіберілді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий