Алдағы 5 жылда қазақстандықтар жаңа автокөліктерге мінбейді
Бұл – сарапшылардың пікірі. Күннен күнге қымбаттап бара жатқан темір тұлпарлардың құны мамандарды алаңдатып отыр. Отандық көлік міну бүгінде үлкен мәселеге айналып тұр. Бұған не себеп?
Бүгінде жеке көлігіңді тізгіндеу мұң болып тұр. Өйткені темір тұлпар күн санап қымбаттайды. Оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Арзан көлікке сұраныс болғанымен, ол өндірушілердің шығынын ақтамайды.
Эдуард Эдоков, автомобильдер тәуелсіз одағының төрағасы:
- Көлік зауыты өз жұмысын қалыпты атқаруы үшін жылына кем дегенде 100-200 мың автомобиль шығаруы керек. Бұл – экономиканың заңдылығы. Бұл шарт орындалмайынша, ешқандай автозауыт табысқа кенелмейді. Ал біздің кішкентай нарықта 200 мың көлікті сату мүмкін емес.
Өкінішке қарай жаңа жеңіл көліктің құны қазір 9 млн теңгенің төңірегінде. Былтырғыға қарағанда баға 6% көтерілген. «Ал қолжетімді несиенің ауы мен бауы көп», – дейді сарапшылар.
Рүстем Жансейітов, экономист:
- Жеңілдетілген несиенің өзіне көп адам қол жеткізе алмайды. Кім қалай есептеп жатқаны түсініксіз. Бірақ соңғы жылы автонесиеге арнайы бөлінген 20 млрд таусылыпты. Барлық автосалон несиеге көлік сатылмайтынын айтады. Меніңше жүйенің өзінде қателік бар. Олай болмаса қаражат басқа жаққа кетіп жатыр деген сөз.
Маманның пікірінше, қолжетімді несие көпке де, үкіметке де тиімсіз. Өйткені елде құрастырылды деген көліктің өзін тұтынуға бұқара қауқарсыз. Оған себеп – экономика, яғни жалақының төмендігі. Бір жағынан өзге елден әкелінетін су жаңа көліктің құны кеден, жеткізу, тіркеу арқылы-ақ шарықтап кетеді.
Сергей Смирнов, экономист:
- Автопаркте ескіру үрдісі тоқтаусыз жүріп жатқаны жасырын емес. Былтырғы жылмен салыстырғанда, озған көліктердің үлесі 2% артты. Әрі нарықта теңге әлсіреген сайын бағалар өседі. Сондықтан машинаның қымбатшылығына әсер етеін фактор көп.
Ең қызығы, биыл еліміздің нарығында 49 мың көлік қана сатылыпты. Өзімізде өндірілетін темір тұлпардың орташа құны 6 млн 600 мың теңге төңірегінде. Ал шетелдік көліктер 11 млн-нан асады.
Мамандардың сөзінше, көлік түйткілін шешудің екі-ақ жолы бар. Алғашқысы – жалпы ел экономикасына соны серпін беру. Келесі шешімі – автокөлік нарығына толық тексеріс жасап, бағаларды қайта бағамдау. «Әйтпесе шағын нарықтан жоғары сұраныс күту, шөп арасынан ине іздеумен тең» – дейді олар.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Зарина Ахметжанова, Владимир Бовкис, Абдулла Исаев