ШҚО құтқарушылары бір жылда мыңға жуық жедел шақыру алады
Жедел қызметтің құтқарушылары от пен суда және түрлі кәсіпорында болған оқыс оқиғаға бірінші болып жетеді. Өз өмірлерін қатерге тіге жүріп басқаның өмірін құтқаруға ант береді.
Судан құтқарушылар жыл он екі ай дайын болуға міндетті. Себебі кез-келген уақытта оқыс жағдай туралы хабар алуы мүмкін. Ал жазда халық ең көп шомылатын өзен-көлдердің жағажайларын күндіз-түні бақылауда ұстайды. Владимир Субботин осы жазда қаладағы жағажайлардың бірінде кезекті патрульдік рейд кезінде суға батып бара жатқан адамды құтқарды.
Владимир Субботин, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Жағаны бір шолып шығайық деп, қайықты суға түсіргенбіз. Батып бара жатқан адамды байқап қалдық. Бірақ өте алыста болды. Қайықтың бар жылдамдығымен барсақ, шынында тұншығып су түбіне кетіп барады екен. Бірден құтқарып, жағаға алып шықтық.
Суға тұншыққан адам 7-8 минутта құтқарылуы керек. Одан ұзаққа созылса кеш болуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар үшін ең негізі міндет жеделдік.
Кезекті дабыл қағылды. Өрт сөндірушілер үшін де әр секунд, әр минут санаулы.
Көктемде қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған өрт кезінде құтқарушылардың жеделдігінің арқасында талай адам аман қалды. Биік үйге автосаты қоюға да мүмкіндік болмаған. Өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттағы тұрғындарды альпинистік жолмен құтқарды.
Назар Болтамбаев, өрт сөндіруші:
- Міне осы 5 қабатты үйдің ең жоғарғы жағы өртеніп жатты. Біз бірден үш аяқты сатыны қойдық. Бірақ ол жетпеді. Одан соң жедел саты деген бар, сол арқылы біздегі аға сержант Молдажанов шығып, іштегі адамдарды бірден құтқарды. Тіпті бір бойжеткен есінен танып жатты.
Кәсіби өрт сөндірушілер қанша от пен суға түсіп жүрсе де мақтанбайды. Тек кәсібіміз деп біледі. Ал кәсіпқойлық тәжірибемен келеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин