Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің бастапқы тіркеуінен 13 212 адам өтті
Жалпы іріктеуге бастапқы тіркеуден 13 212 адам өтті. Мемлекеттік қызметшіге қажетті барлық қасиеті сараланып, конкурстың үшінші кезеңінде қазір 549 адам әлеуеті мен құзіреттілігін бағалаудан сынға түсіп жатыр. Президенттің кадрлық резервіне қойылатын талап қандай?
Бақ шаба ма, бап шаба ма? Бұл – ел еңсесін тіктеп, ең алдымен өзінің емес, халықтың мүддесін бірінші қоя білетін мемлекеттік қызметшілер резервіне іріктеу. Үшінші кезең.
Өршіл мақсаты бар 549 азаматтың құзіреттілігі, білім-білігі, көшбасшылық әрі адами қасиеттері сыналуда.
Бекжан Әлімқұлов, «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасына қатысушы:
- Ер жігіт болған соң, тоқшылықпен де, таршылықпен де өмір сүретін кезеңдер болады. Соның бәрін көрдік, соңғы 5 жылда кәсіпкерлікпен айналысып келемін, өз қолым өз аузыма жетті десем болады. Ал енді ары қарай өзімнің қолымнан келетін күш-жігермен бұдан да үлкен жобалар жасасам екен, елімді гүлдендіретін жағдай туса, соған атсалысқым келеді.
Әрине, мемлекеттік қызметті аңсағандардың барлығы Бекжан секілді кәсіпкер емес. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының айтуынша, бизнес өкілінің де үміткер болуы Ата Заңға қайшы емес. Бастысы сауатты, дүниетанымы жан-жақты, өресі биік, тәуелсіз ойлай білетін менеджерлер іріктелуі тиіс.
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Осы 300 адамды тек қана біліміне қарап емес, оның адами қасиеттеріне де қарайтын боламыз. Әрине, олар керемет білімді адам болуы мүмкін, бірақ оның адами қасиеттері басқаша болуы да әбден мүмкін. Оны тексеру үшін эксперттік комиссия құрылды.
Білімділікті былай қойғанда, мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болуы қажет деген қағида бар. Сарапшылар комиссиясы соңында үміткерлердің осы қасиетін саралайды, жүйрік деген 300-і өтеді. Барлық кезең онлайн, яғни жариялы түрде әрі әділ өткізілуде.
Анар Жайылғанова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Менің өзімнің көмекшім қатысты, бірақ бірінші кезеңнен кейін өте алмай қалды. Бұл біздің таза екенімізді көрсетеді.
Арнайы ережеге сай мемлекеттік қызметші соңғы брэндті кимесе де, сыптай болып, әдептен озбай, классикалық стильдегі костюм мен аяқ киім кигені абзал. Халықтың пікірі әр түрлі.
Барлық норманы орындай жүріп-ақ заңды бұзып, сын садағына ілінген мемлекеттік қызметші қаншама. Жыл басынан 2 мыңнан астам жемқорлық әшкереленген. Жаңа формациядағы менеджерлер мәнсіз мансапқорлық пен мағынасыз менмендіктен алыс болса игі. Президент жастар кадр резервін жасақтауда маңызды талап – осы.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин