Алатаудың бөктерінде отырған халық таза ауаға зар болды
Оған себеп – тұрғын үйлердің ортасында орналасқан типография. Тұрғындардың айтуынша, түрлі химиялық зиянды заттармен жұмыс істейтін бұл кәсіпорын ауаны улы заттармен ластап отыр.
Кешкілік бір мезгіл таудың самалымен тыныстайтын едік, енді терезені ашуға қорқамыз. Себебі аулада адам төзгісіз қолаңса иіс шығады. «Тіпті бұл иіс көзді ашытып, тамақты жыбырлатады», – дейді осы маңдағы үйдің тұрғыны Павел Шутьев. Сондай-ақ ол соңғы 9 айда өзі бір рет, ал әйелі 3 рет инсульт алғанын айтады. Оның айтуынша, оның үйіне көршілес орналасқан типография ауаны ластап отыр.
Павел Шутьев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бұл типография түрлі химиялық заттармен жұмыс жасайды. Ал қалдықтарды құбыр арқылы сыртқа, ауаға шығарады. Сол кезде далада тыныстап тұру мүмкін емес. Алғашқыда белгілі уақытпен жұмыс жасаған еді, енді тәулік бойы тоқтамай түтіндетіп отыр.
Балаларын есіктің ауласында ойнатпақ түгілі, бақшасындағы жеміс-жидекті жеуге қорқып отырған тұрғындар: «Мұндай бей-берекетсіздікке тосқауыл бола ма?», – деп отыр.
Нұрлан Рахманов, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі:
- Экологиялық кодекс бойынша мұндай мекемелер тұрғын үйлердің арасында болмауы керек. Заң жүзінде мұндай нысандар мен тұрғын үйлердің арасы кемінде 100 метр қашықтықта орналасу керек. Себебі кәсіпорын қауіптілігі жағынан 4-санатқа жатады. Сондықтан мұнда заң бұзушылық бар.
Павел Шутьев осы мәселені айтып, құзырлы органдарға бір емес, бірнеше рет хабарласқан. Бірақ мардымды жауап ала алмапты. Тек Медеу аудандық санитарлы эпидемиологиялық станция аталған типографияны сотқа берген. Нәтижесінде бар-жоғы 25 АЕК көлемінде айыппұл төлеген кәсіпорын жұмысын одан әрі жалғастыруда. Бұл жауапқа арызданушы тарап қанағаттанбаған, әсіресе қоғам белсенділері сот ісін ары қарай жалғастыруды көздеп отыр.
Салтанат Әшімова, қоғам белсендісі:
- Мұндағы мәселе әкімшілік тарапынан ешбір тексеру болмаған. Олар жерді барып көрмеген. Демек, өздері осы типографияның жұмыс жасауына рұқсат берген. Ал олар халықтың денсаулығына алаңдамайтын сияқты.
Алуа Маханбет, тілші:
- Бұл істе тағы бір қызықты жайт бар. Типография иесі Павел Шутьевтің өзін сотқа берген. Ол: «Менің ар-намысыма нұқсан келтірді және типографияның қомақты табыс табуына кедергі келтірді», – деп арызданған.
Біз типография өкілдерінен жауап ала алмадық. Ал қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау департаменті мен Nur Otan партиясының өкілдері бұл нысанды тексеруге бармақ.
Авторлары: Алуа Маханбет, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон