Қирағалы тұрған үйдің тұрғындары жаңа қонысқа көшіріледі
Олар үшін жаңадан салынып жатқан мөлтек аудандардан баспана ұсынылды. Алайда ол қоныстың шалғайлығын желеу еткен тұрғындар бас тартып отыр. Естеріңізге сала кетсек, біздің тілшілеріміз қабырғасы қақырап, төбелері жарылып кеткен үйдегі жантөзгісіз жағдай туралы мәселе көтерген болатын. Бұл мәселе шешімін тапты ма, тұрғындарды не толғандырады?
«Достық» көшесі №14 үйдің алдында күнде жиын. Атқарушы билікпен арпалысқан тұрғындар райларынан қайтар емес. Олар орталықтағы үйренген орындарынан жылжығысы жоқ. Себебі билік ұсынған «Жұлдыз» ықшамауданындағы үй облыс орталығынан едәуір қашық орналасқан.
Нұргүл Нәжіғалиева, №14 үйдің тұрғыны:
- Қыстың күнінде біз қайда көшеміз? Сабақ, балабақша бар. Ол жақтан екі маршрутпен келу керекпіз. Жол жүру картасын жақында алып отырмыз. Ол болмайды, үнемі ақша салуымыз керек болады.
Маржан Мәтешова, көпбалалы ана:
- Бір үй жалдап берсін де, мынаны бұза берсін. Біз оған келісеміз. Әйтпесе біз ешқайда бармаймыз.
Бүгінде №14 үйде 14 отбасы тұрып жатыр. Олар биылша осы арада амалдап шықпақшы. Себебі жоғарыда өздері айтқан, үйренген орталарынан көшкілері жоқ.
Рафхат Жолдиев, қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі:
- Соған байланысты осы №14 үйдің тұрғындары «Береке» ықшамауданындағы тұрғын үйлер біткеннен кейін көшіру мәселесі қарастырылады. Мерзімін келесі жылдың қыркүйек айына деп жоспарлап отырмыз.
Тұрғындар баст тартқан «Жұлдыз» ықшамауданындағы үйлерді біз де барып көрдік. 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер қазір көшіп кірсеңіздер де дайын. Биыл аталған ықшамауданда жаңа орта мектеп пайдалануға беріліпті.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Тұрғындарды алаңдататыны – бұл жаңа салынған үйлер облыс орталығынан қашықтау болғаны. Бірақ атқарушы билік: «Алдағы наурыз айынан бастап, бұл арадан арнайы маршруттар ашылады», – дегенді айтады. Сол кезде бұл ықшамауданнан да қалаға тікелей қатынасуға мүмкіндік туады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже Темірлан Сұлтанғазиев