Қостанайда көлік жүргізушісі зейнеткерді ұрып тастады
Оқиға Қостанай қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінде болған. Темір тұлпар иесі зейнеткердің денесіне ауыр зақым келтіріп: «Тәртіп сақшыларына хабарлассаң, өлтіремін», – деп қорқытқан. Енді ол бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Зейнеткер Анатолий Шевцов өз туған күнінде гараж алдында күзетшімен әңгімелесіп тұрған. Бұдан кейін кадрда оның көшедегі көршісі пайда болады. Ол қарияның машинасын айналып өтуге әрекеттенеді. Өз кезегінде Анатолий Шевцов оған жол нұсқауға жәрдемдеседі. Бірақ егде кісіге алғыс айтудың орнына темір тұлпар иесі оны жұдырықтың астына алады. Қарияның басына жеті соққы жұмсалады.
Анатолий Шевцов, жәбірленуші:
- Мені ұрғанда мұрнымнан қан ағып, тізерлеп отырып қалдым. Сол кезде ол: «Полицейлерге хабарлассаң, өлтіремін», – деп қорқытты.
Анатолий Шевцов қанды ұзақ уақыт тоқтата алмаған. Оған медициналық көмек қажет болған. Дәрігерлік тексеру қорытындысы көңілге қонымды емес.
Инна Найдёнова, жәбірленушінің қызы:
- Бас сүйек пен миына қатты зақым келген. Миы шайқалып, мұрны сынған. Алдыңғы екі тісінің бірі ұшып кетті.
Кінәлі азамат полиция қолына араға 9 күн салып түскен. Ол Анатолий Шевцовтан 28 жас кіші жергілікті кәсіпкер екен.
Сергей Бугай, Полиция басқармасының оңтүстік бөлімше бастығының орынбасары:
- Кінәлі тұлға бұл қылығына өкініп, бәрін өз мойнына алды. «Бұзақылық» бабы бойынша ол қамауға алынады немесе айыппұлмен жазаланады.
Соңғы уақытта адамдар неліктен жөнсіз қатыгездік танытады? Бұл сауалға психологтардың өздері нақты жауап таба алмайды. Мамандар ең әуелі мұны ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаспен байланыстырады. «Жастайынан әке-шешесінен зорлық-зомбылық көрген бала есейе келе өзгелерден кек алуға құштар болып келеді» деген де тұжырымдар бар.
Владимир Алексанин, психолог:
- Екінші фактор – бұл фрустрация, яғни өз мақсатына жете аламаған адам өзгелерді кінәлі деп санайды. Оның санасында «біреу оған кедергі келтірді» деген түсінік қалыптасқан. Мұндай кезде ол қатыгездікті өзге адамға жұмсайды. Осылайша кек алады.
Тағы үшінші фактор бар. «Кейбір адамдар тумысынан қатыгез болып келеді», – дейді мамандар. Олар бұл тығырықтан шығуда үнемі спортпен шұғылданған дұрыс деген пікірде. Дегенмен Анатолий Шевцовтың туған-туыстары істі сотқа дейін жеткізіп, бұзақыны заң жүзінде жауапқа тартуға мүдделі.
Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг