ШҚО-да ауызсу жүйесінің 70% тозған
Аймақтағы 710 ауылдың 381-і ғана орталықтандырылған су құбырына қосылған. Бұл шамамен 53%.
Соңғы 5-10 жылда «Нұрлы жол» мен «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламалары аясында бірқатар жоба қолға алынғанымен, нәтижесін халық әлі көрмеген.
Соңғы 5-10 жылда жаңадан бой көтерген шағынаудандардың мәселесі күн санап қордаланып барады. Халық үшін ең негізгісі – су мен жол. Қалаға қарайтын Красина кентіндегі тұрғындардың суды тасымалдап келе жатқанына 20 жыл толады. Бұл аумақта 30-40 жыл бұрын орнатылған 3 құдық болса, дәл қазір біреуінде ғана су бар.
Төлеу Қалиев, Красина кентінің тұрғыны:
- Анау құдыққа барамыз. Ол істемейді. Төменнен алып келеміз.
Илхам Сафин, қала тұрғыны:
- Біз құтымен тасимыз. Су арнасына ай сайын ақша төлейміз. Не үшін?
Негізінен жеке тұрғын үйлер шоғырланған бұл ауданға орталық су құбырын қосу мәселесі 20 жыл бұрын айтылса да, нақты жұмыс былтыр басталды. 53 шақырым ауызсу құбырының бүгінге дейін 6 шақырымы ғана тартылған. Ол үшін республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Бірақ жұмыс өте баяу жүріп жатыр.
Наталья Лукерина, «Өскемен су құбыры» МКМ өндірістік техникалық бөлімінің басшысы:
- Красина кентіне су құбырын тарту 2018 жылы басталған. Алайда қаржылық қиындықтар туындағандықтан, бұл мәселе қалалық Тұрғын үй шаруашылығы бөліміне берілген. Біздегі ақпаратқа қарасақ, бұл шағынаудандағы ауызсу мәселесі 2020 жылға қарай шешімін табады.
Аймақта ауызсу мәселесі толық шешімін табу үшін құны 17 млрд теңге болатын 69 жоба жасалған. Қазір қала халқының 97,8%, ауыл тұрғындарының 53% орталық құбырдан су алып отыр. Тұрғындар саны ең аз 45 ауылда блоктік-модульдік станция салынбақ.
Рауан Тұрысбек, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы:
- Бүгінде облыстағы ауызсу құбырының 70-80% ескірген. Сондықтан осы салада қабылданған бағдарламаларға сәйкес ауызсумен қамту кезең-кезеңмен шешіледі. 2025 жылы облыстағы барлық ауыл, елдімекен орталық су құбырына қосылады.
Дегенмен өңірдегі адам саны 50-ден 200-ге дейін болатын шағын қыстақтарда мүлде су жоқ. Тіршілік көзі тасымалмен жеткізіледі. Ал 329 елдімекенде орталық су құбыры тартылмаған. Бұл –аудан орталықтарынан шалғайда жатқан шағын ауылдар. Сондықтан атқарушы билік бұл ауылдарға құбыр тартпас бұрын болашағын зерделеп алмақ. Өйткені судың да сұрауы бар.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин