Ақтаулықтарды көк түтін мен күйіктің жағымсыз иісі мазалауда
Көк түтінмен қоса күйіктің жағымсыз иісі 3 күннен бері сейілмей тұр. Бұл жағдай тұрғындарды қатты алаңдатуда. Олар далада демалудың мүмкін емес екенін айтып шағымданып жатыр. Синоптиктердің мәліметі бойынша екі күн бұрын қалада түтін тіркеліп, оның аумағы 4 мың метрге жеткен. Ал болжам бойынша алдағы екі күнде қалың тұман болуы мүмкін. Түтін мен иістің қайдан келіп жатқанын анықтау үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Ал экологтар аталған иістің қоршаған ортаға адам денсаулығына зияндылығын білу үшін 2 күннен бері бақылау жұмыстарын жасап жатыр.
Гүлнара Қожабекова, Маңғыстау облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:
- Маңғыстау облысы бойынша дала өрттері тіркелген жоқ. Сонымен қатар ТЖД мен басқа да құзырлы органдар түтін иісінің шығу себебін табу бойынша мониторинг жасауда.
Гүлім Ұлықпанова, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
- Иістің Ақшұқыр ауылына дейін жеткені белгілі болды. Түнде мониторингті күшейту мақсатында Экология департаменті штаттық режимде кезекші кестесін құрып, қарашаның 1-інен 2-сіне қараған түні мониторингді күшейтеміз. Болжамды мониторинг жұмыстарының нәтижесінен кейін айта аламыз.