Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының түгел өнімі экспортқа жөнелтіледі
Осылайша өндірістік қуаты 240 мың тоннаға ұлғайып отыр. Отандық зауыт әзірге ферросилиций өндіруден әлем бойынша 6-орында. Мұнда барлық жұмыс автоматтандырылған. Ең бастысы қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ өндіріс қалдығының өзін кәдеге жаратады. Ал қажетті шикізаттың барлығы Қарағанды өңірінен шығады.
Небәрі 3 айдың ішінде кәсіпорын 5 мың тонна өнімді сыртқа саудалаған. Әуелде өндіріс ошағының жылдық қуаты 180 мың тонна болса, екінші пеш іске қосылған соң, 240 мың тоннаға ұлғайып отыр. Ал келер жылы мұнда 4-інші пеш салынбақ. Жоба құны – 35 млрд теңге.
Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:
- Ферроқорытпа зауыты әлемнің ең озық технологиясымен жұмыс істейді. Мұнда барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Келешекте бұл кәсіпорын аймақтың брендіне айналарына еш күмән жоқ.
Ферросилиций – темір мен кремнийдің қоспасы. Болат балқытуға кеңінен қолданылады. Әлемде бұл өнімге деген сұраныс аса жоғары екен. Ал отандық зауыт әзірге ферросилиций өндіруден дүние жүзі бойынша 6-орында тұр. Тіпті мұнда өндіріс қалдығы да қайта өңделеді. Зауыттан шығатын газ, шаң-тозаңнан микрокремнез ұнтағы алынады. Мамандардың айтуынша, бұл цемент өндірісінде таптырмайтын шикізат көрінеді.
Ерлан Нығматулин, Қарағанды «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытының құрылтайшысы:
- Бұл кәсіпорын Қазақстанда, оның ішінде Қарағанды облысында инвесторларға өте қолайлы жағдай жасалып отырғанының жарқын көрінісі. Сондықтан біз өндірістің ауқымын одан әрі кеңейте береміз.
Қазір зауытта 380 адам еңбек етеді. Келешекте тағы 200-ге жуық адамға жұмыс көзі ашылмақ. Ең бастысы зауытқа қажетті шикізаттың барлығы Қарағанды облысынан жеткізіледі. Сондықтан бұл кәсіпорын өңірдегі өзге де өндіріс ошақтарының жұмысын жандандыруға ықпал етіп отыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков