Субсидия ала алмаған шаруалар наразылық акциясына шықты
Жиналғандардың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың дер кезінде жасалмауынан көптеген қожалық тақырға отырып, тіпті жұмысын тоқтатуға да мәжбүр болады. Соның кесірінен өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығынан бағаның күрт шарықтап кетуі де әбден мүмкін.
Ақтөбелік шаруа қожалықтарына билік шамамен 4 млрд теңге қарыз. Берешек өткен жылдан бері жыр болған. Сондықтан тақырға отыруға шақ қалған шаруалар: «Наразылық шарасын өткізуден басқа амалымыз қалмады», – дейді. Жүзден астам азамат жиылып жанайқайын Үкімет басындағыларға жеткізуді көздеген.
Марат Көбеев, шаруа қожалығының басшысы:
- Қазақстанның болашағы оның ауыл шаруашылығында болады. Қазір дүние жүзін көріп отырмыз. Тамақ болмаса халық қалай өмір сүреді? Инвестор шақырамыз. Инвесторлар мына жағдайды көріп тұрып, сенбейді ғой. Қалай келеді? Соны түсіну керек.
Биыл облыстық бюджеттен субсидияға деп бөлінген қаражатты шенеуніктер былтырғы жылдың жыртығын жамауға жұмсапты. Мұндай жағдай еліміздің өзге де өңірлерінде орын алып отыр. Сондықтан Ақтөбеде өткен шараға Жезқазған, Павлодар мен Қарағандыдан да шаруалар жетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, республика бойынша берешек көлемі 36 млрд теңгені құраған. Осыған орай Үкіметтен қосымша қаржы сұраудан басқа амал жоқ. Қазір бұл мәселемен жауапты орган өкілдерінен құралған арнайы комиссия шұғылданып жатқан көрінеді.
Қайрат Мутаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Егер жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінген қаражат жеткілікті болса, мұндай наразылық шарасының орын алмайтындығы анық. Қазір қаржының тапшы екендігін мойындаймыз. БҚО-да болдым. Ол жақтағы шаруа қожалықтары да субсидия мәселесін көтеруде.
Наразылық шарасына жиналғандар құзырлы орган өкілдеріне тиісті хат жолдайтын болып шешті. Бірінші кезекте субсидиялар дер кезінде төленуі тиіс деген талап білдірді. Егер қаржы дер кезінде бөлінбесе шаруа қожалықтарының несие төлемдерін қаражат түскенше тоқтатуды талап етті. Себебі биылғы жылдың қуаңшылығы да тиісті көлемде түсім алуға мүмкіндік бермей отыр.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Екі сағатқа жоспарланған наразылық шарасы бас-аяғы 40 минуттың ішінде тәмамдалып болды. Жергілікті әкімдікпен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері жиналғандардың арыз-талаптарын тыңдады. Сондықтан жақын уақытта бұл мәселенің түйіні шешіледі деген үміт бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков