Шымкентте бір үйдің 2 баласы уланып қайтыс болды
Сәбилердің қандай себептен қайтыс болғаны жіті тексеріліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мұқият талдаудан соң, мұнда улы газбен улану фактісі тіркелмегенін айтады. Ал отағасының айтуынша, отбасы сол күні кешкі асқа жартылай фабрикат тұшпара жеген. «Сол себепті балалар астан уланған болуы мүмкін», – дейді мамандар.
Бұл отбасы қаладағы Алдияров көшесінде орналасқан мына көпқабатты үйде тұрып жатқан. Жанұя туралы көршілері де оң пікірде. «Балалары да мына дәлізде ойнап жүретін», – дейді көзкөргендер.
Светлана Дохненко, қала тұрғыны:
- Мен итімді алып көшеге шыққанда, олардың қыдыруға бара жатқанын көргенмін. Қолында баласы болды. Кейіннен үйлеріне келе жатқанын байқадым. Әрдайым сәлемдесіп тұратын. Ұл-қыздары да тамаша еді. Қиын болған екен.
Ал улану оқиғасы 3 қараша күні таңғы сағат 04:00 шамасында орын алған. Үйдің отағасы сол уақытта жедел жәрдем шақыртыпты. Ақ халаттылар келе салысымен отбасы мүшелерінің барлығы уланғанын байқап, емдеу шараларына кіріскен. Осыдан кейін естерін жиған олар ауруханаға барып, ем алудан бас тартқан. Кейіннен жанұядағы жандардың жағдайы ауырлай түскен соң таңертеңгі сағат 09:37-де қосымша жедел жәрдем шақырған. Анасымен үш баласы ауруханаға жеткізіліпті. Кішкентай 9 айлық сәби мен 4 жастағы екі ұл сол жерде жан тапсырған. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі мәлімдеді.
Инна Глазебная, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы:
- Олар көшеден тұшпараны сатып алып, тағам ретінде пайдаланған. Оны балалары да жеген. Сосын құсу және отбасының барлық мүшесінде іште ауырсыну белгілері болған. Ал жанұядан нақтылай сұраған кезде үй ішіндегі газ балонның бұрандасы ашық қалғандығы да белгілі болды. Мұны да бір нұсқа ретінде қарастыруға болады.
Сол күні оқиға орнына Төтенше жағдай департаментінің де мамандары да барған. Олар: «Отбасының улы газдан улануы мүмкін бе?», – деген сұраққа жауап іздедік дейді. Көгілдір отынға жауапты мамандармен бірлескен талдау жүргізген төтеншеліктер ол жерде улы газ болмаған деген қорытындыға келген.
Нұрболат Дербісов, қалалық ТЖД басшысы:
- Улы затпен улану мәселесі ол жерде анықталған жоқ. Бізде қаншама улы заттармен барып көреміз. Міндетті түрде газдың иісі ол жерде қалады. Ауылдастарымен сөйлескен кезде бұл жағдай анықталған жоқ.
Қазір балалар өлімінің себебі анықталуда. Ол үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сәбилердің неден қайтыс болғандығы алдағы уақытта белгілі болады.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов