АҚШ азаматтары асырап алған қазақ баласы өз-өзін өлтірді
Айсұлуды бір жасында 2002 жылы Қостанайдан америкалық жұп асырап алып, АҚШ-қа алып кеткен. Жасөспірім шағында Айсұлу Дэвин болып, трансгендерге айналды. Соңғы үш жылда мінезі өзгеріп, ақыры өзіне қол салды. Дэвин – соңғы 20 жылда шетелдіктер асырап алған 9 мың баланың бірі.
Соңғы уақытта шетелдіктердің бала асырап алуы жайлы түрлі ақпарат шықты. Мысалы Қазақстаннан бала асырап алғысы келетін шетелдік азаматтар 15-38 мың еуро төңірегінде төлеуі керек. Жаға ұстатар бұл ақпарат Қазақстандағы бала асырап алу ісін ұйымдастыратын шетелдік агенттіктердің сайтында жарияланыпты.
Бірер жыл бұрын біздегі жауапты органдар: «Қазақстаннан бала асырап алғысы келетін шетелдіктерге қойылар талапты күшейтеміз», – деді. Арнайы заңнамаларға өзгертулер енгізді. Сөйтіп бала асырап алу ісін халықаралық агенттіктердің құзырына берді. Яғни ешкім енді емін-еркін келіп, өз қалауынша бала асырап ала алмайды. Тек Қазақстанда тіркелген осы агенттіктердің көмегіне жүгінеді, солардың қатаң іріктеуінен өтеді деген еді. Сөйтсек, сенген агенттіктің сыйқы мынау болып шықты.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Қазақстаннан бала асырап алғысы келетін отбасы осы агенттіктің сайтынан таныса алады. Егер ағылшынша түсінетін болсаңыз, оның қандай талаптар екенін өзіңіз оқып көрсеңіз болады немесе дәл қазір онлайн аудармашының көмегімен оның аудармасын сіздерге ұсына аламыз. Міне, оқып көріңіз. Мұнда сыйлық жасау дәстүрге айналған. «Егер балалар үйіне сыйлықпен келсеңіз, олар риза болады», – дейді. Бұл ештеңе емес, әрі қарай оқыңыз. «Дүкеннен алтын бұйым сатып алыңыз, ол 20-30 долларлық болса жетіп жатыр», – дейді. Ал күтушілер үшін парфюм, бетке арналған кремдер алу керек. Тағы бір айта кетерлігі, заттар Қытайда емес, АҚШ-та немесе Еуропада жасалған болуы тиіс. «Өйткені Қазақстанда Қытайдың жалған тауарлары өте көп», – дейді.
Аружан Саин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Міне, халықаралық аренадағы Қазақстанның қазіргі кейпі осы. Мен бұл мәселеге қатысты тексеріс жүргізуді талап етіп, Бас прокуратураға дейін хат жолдадым. Халықаралық құжаттарда тараптардың қай-қайсысы да бала асырап алу процесінен пайда табуды көздемеуі тиіс деп анық жазылған. Сосын тағы бір назар аударар жайт, біз заңнамада бала асырап алу кезінде шетелдік агенттіктердің қызметін пайдалануды енгіздік, ал неге қазақстандық агенттіктердің де қызметін пайдаланбасқа?! Біз тегін қызмет көрсететін ұлттық агенттік құруымыз керек. Депутаттар осыған назар аударуы тиіс.
Бүгінге дейін 9 мыңға жуық баланы шекара асырыппыз. 9 мың деген аз емес. Осы тұста бір сұрақ туындайды. Қазақстан шетелге асқан балалардың тұрмыс жағдайын қанша жасқа дейін қадағалап тұра алады?
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Қазіргі заңнамалар мен халықаралық құжаттарға сәйкес біз олардың жағдайын 18 жасқа дейін қадағалай аламыз. Мұны сол елдегі біздің консулдық атқарады. Бұдан бөлек оларды асырап алуға көмектескен шетелдік агенттіктер жыл сайын есеп беріп тұрады.
О баста бізде шетелдіктердің бала асырап алуына көмектесетін 37 агенттік тіркелген еді. Оның қазір 12-сі ғана жұмыс істейді. 27-сі жабылды.
Гүлмира Құлсариева, ҚР Балалар құқын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Жабылғанының ең бірінші себебі балалар туралы дер кезінде есеп берілмеген. Бүгінгі күні АҚШ азаматтары асырап алған 204 бала туралы ақпарат жоқ.
204 бала іс-түзсіз кетті. Көз жұмғаны, зорланып, қорланғаны қаншама. Тек ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерді шолып шығайық. 2013 жылы америкалық ерлі-зайыпты Мэйоттар біздің елден асырап алған ұл мен қызды ұзақ жылдар бойы зорлап келгені белгілі болды. 2016 жылы тағы да сол Америкада өгей әкесі Көкшетаудағы балалар үйінен алған Дамир мен Тимурды атып өлтірді. Ал күні кеше мұхит асқан тағы бір жетімектің жұмбақ жағдайда көз жұмғаны белгілі болды. Америкаға Айсұлу болып аттанған сәби Диана атанған. Сосын өсе келе Дэвинге айналған. Атын да, жынысын да өзгертіпті. Өйткені ортасы өзгерді.
Қабылсаят Әбішев, заңгер:
- Бұл енді трагедия ғой. Ол тілден, дәстүрден айырылды, Отанынан айырылды. Қазір француз, италияндық, канадалық болды. Жалпы көбі сол елдің азаматы болып, сол мәдениеттің субъектісі болып кететінінен күмәнім жоқ.
Шетел асқан қазақстандық балалардың кісі қолынан опат болуы, зорлық-зомбылыққа ұшырауы – трагедия. Бірақ заңгер Зайда Нұрабаева: «Бір жақты пікірден аулақ болу керек», – дейді. Кезінде өзі шетел асқан сол балалардың жай-күйін тексеретін арнайы комиссияның құрамында бірнеше елді аралап қайтыпты.
Зайда Нұрабаева, заңгер:
- Олардың үйлерінде біздің байрағымыздың үлгісі тұр. Олардың ұлттық киімдері тұр. Сендер Қазақстан еліненсіңдер, сендердің туған жерлерің, елдерің сол деп айтады. Осындағы балалар үйіндегі жағдайды көріп, қайта ол балалар қамқорлыққа, сүйіспеншілікке ие болғандарына риза болдым.
Енді сөз басында тоқталған шетелдік агенттіктердің жұмысына айналып соқсақ. Біздегі бар шикілік әу баста заңнамадан шығыпты. Мына қызықты қараңыз, бала асырап алу ісімен айналысатын агенттіктердің қызметі «Педагогтердің мәртебесі» туралы заңмен қадағаланады екен. Яғни арнайы заң жоқ.
Сондықтан мамандар: «Бала асырап алу ісімен айналысатын ұлттық агенттік құру қажет, шетелдік агенттіктердің жұмысын пысықтау керек», – дейді. Өйткені біз үшін бала түгілі, судың да сұрауы бар.