Үкімет сағатында Жастар жылында атқарылған жұмыстар пысықталды
Бұл олардың жайлы еңбек етуіне мүмкіндік береді. Жұмыссыз жүргендерді оқытып, еңбекпен қамтып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту – мұның бәрі Жастар жылы аясында жүзеге асырылған жобалар. Мәжілісте Үкімет сағатында осы мәселелер пысықталды.
Жас келсе іске. Халық арасындағы жастардың үлесі бүгінде 4 млн-ға жуықтап қалған. Оның жартысынан көбі, яғни 77% – жалдамалы қызметкер. 23% өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ал не оқу оқымай, не еңбек етпей, құр жүрген жастардың қатары – 254 мың. Аз емес. Осы ретте «Жас маман», «Жас кәсіпкер» жобалары қолға алынды.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- 89 жобаның ішінде 13-ін орындадық. Қалған 76-сын алдағы 2-3 жылда орындаймыз. Бізге мамандар қажеттілігі туындап тұр, өйткені кейбір өнеркәсіптер сылақшы сынды мамандарды іздейді. Сылақшы болу үшін адам сертификат алу керек. Оның да тәсілі бар. Ол тек бояй бермейді ғой.
Әрине, нәтижелі еңбек етіп, табысты іс атқару үшін жай-күй керек. Ол үшін үй-жай қажет. Биыл Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 3 мың қазақстандық жалдамалы пәтерге қол жеткізбек. 5 жылға беріледі, пәтерақысы 15 мың теңгеден аспайды. Көлемі 40 шаршы метрден төмен болмауы тиіс. 3 жылда 9 мың қазақстандық арзан баспанамен қамтылады.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Жастар пәтер ғана мәселесін қарамау керек. Жастар «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бойынша да бағдарламаларға қатыссын. Жұмыс істеу керек, тұрақты тұру керек. Критерий болғанда ғана таза процедураны өткізе аламыз.
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. «Жас маман» жобасы аясында 210 мың жас азамат сұранысқа ие 100 мамандық бойынша оқытылмақ. Айта кетейік, дайын дипломын құшақтап, жұмыссыз жүргендерге де қолдау бар.
Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сондықтан Жол картасының ішінде «Жастар практикасы» деген өте керемет іс-шара бар. Оны жұмысқа қабылдайды, бірақ жалақысын мемлекет 6 айдың ішінде төлеп отырады. Ол жұмыс беру үшін өте ыңғайлы.
Биыл «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бір реттік жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке көбейтілген. Бірақ кей өңірлер баяу қимылдап отыр.
Снежана Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір жолғы жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 АЕК-ке ұлғайту бүгінде толық көлемде орындалмағанын байқадық. Жұмысты әрі қарай жүргізу қажет.
Нұрлан Әлімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 81 мың жас әлі еңбекпен қамтылмай жатыр. Сондықтан олардың біразын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға жібереміз. Ауылға барған жағдайдың өзінде қаншама үйсіз жүрген жастарымыз бар. Бүгінгі таңда Парламент тарапынан қолдап жатқан жайымыз бар.
Депутаттар әр жоба бойынша қанша қаражат қалай жұмсалып жатқаны жайлы ауызша толық жауап беруді сұрады.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Дәурен Әскербекұлы, сіздің ұсынысыңызды басқа да облыстарда тұрғын үй салуды қолдайды деп ойлаймын. Сонда ол урбанизацияға да тосқауыл болады.
Келесі жылы Еріктілер жылы жарияланбақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов