Хабар телеарнасы

Оралда медициналық колледж студенттеріне арналған жатақхана салынуда

Қазір Шымкент, Қызылорда мен Оралда жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері жатақханамен қамтылды. Жоба мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылды.

Оралда медициналық колледж студенттеріне арналған 140 орындық жатақхана салынып жатыр. Құрылысы былтыр күзде басталған нысанды мердігер мекеме тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға бермек. Жатақханадағы көлемі 24 шаршы метр болатын бөлмелер қажетті жиһазбен жабдықталады. Төменгі қабатта асхана, дүкен, монша, шаштараз бен сұлулық салоны жұмыс істейді. Жалпы жобаның құны 500 млн теңгені құрайды.

Дамир Мангиров, мердігер кәсіпорын директорының орынбасары:

- «Қаржы орталығы» АҚ қолдауы бойынша осы жатақхананы салғаны үшін 8 жылда төлемдерін төлейді. Бір адам басына жылына 120 АЕК төлейді. Кәсіпкерлерге, инвесторларға жақсы шарт деп санаймын. Қаржы орталығынан бөлек бізде әр студенттің өзінің төлемі бар. Сол жалдау құнына 3 мезгіл тамақтануды кіргіземіз.

Қызылорда жоғары медициналық колледжінде білім алатын 1500 студенттің 500-і жатақханаға зәру. Соның 330-ы мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жайлы жатақханамен қамтылып отыр. 3700 шаршы метрді құрайтын 5 қабатты зәулім ғимаратта асхана, медпункт және интернетпен жабдықталған демалыс бөлмелері бар. Бағасы айына 4 мың теңге. Алдағы уақытта тағы 170 орындық жатақхана салынбақ.

Раушанбек Шарапат, Қызылорда Медициналық жоғары колледжі жастар комитетінің төрағасы:

- Жастарға Жастар жылы аясында өте керемет қолдау болды десек қателеспейміз. Өйткені ауыл-ауданнан келетін жастар бар. Жатақхана бағасы да тиімді, іші де жайлы. Демалыс орнында кітап оқыса болады, домбыра үйірмесіне қатысса болады. Яғни жастарға барлық жағдай түгел жасалған.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Шымкентте де 241 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Санитарлық және құрылыс талаптарына сай келетін бұл нысан педагогикалық университет студенттерінің жайлы қонысына айналады. Ғимаратта фитнес зал, бассейн және кітапхана қызмет көрсетеді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов