20 зейнеткер иіссу аламыз деп алданды
Халық тауып айтқан. Тегін ештеңе жоқ. Мұны неге айтып тұр дейсіз ғой, елордамызда бір топ зейнеткер танымал француз иіссуының екі құтысын арзанға аламыз деп алаяқтардың құрбаны болған. Ресми мәлімет жоқ, тек біздің түсірілім тобы қалтасы қағылған 20 адамды тапты. Олар қалай алданды және иіссу алғанда нені ескеру керек?
Ерекше сыйлыққа ие болдыңыз, сізге 30-50%, тіпті 70% жеңілдік беріледі. Бейтаныс нөмірден тұрғындарға хабарласып, өз тауарын осылай сату алаяқтардың әдеттегі тәсілі. Мұны жас буын түсініп үлгерді. Содан да болар иіссу сатушылар өз жәбірленушілерін тек зейнеткерлер арасынан іздеген.
Светлана Светляковская, жәбірленуші:
- Телефоннан хабарласқан адам «Сіз біздің сәтті тұтынушы базамыздасыз» деп құттықтады. Өзіме және ерлерге арналған иіссуға тапсырыс бердім. Курьер жеткізген соң қолма-қол ақшасын төледім. Ашсам құтысы әдемі, бірақ иісі мүлдем жағымсыз болып шықты. Арызданып, компанияның телефонына хабарлассам, мардымды жауап бермейді, әр жолы түрлі маман сөйлеседі. Соңғы кезде телефон сөндірулі тұрады.
Осы салада 20 жылдық тәжірибесі бар маманмен де сұхбаттастық. Сатушы зейнеткер алған иіссудың дүкенде кездесе бермейтінін және тіпті салмағының өзі күдікті екенін айтты.
Светлана Кычева, парфюм сатушы:
- Иіссу әдетте 30, 60, 90 мл болады. Ал бұл кісі 65 грамдық алған. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Сосын егер сіз сырттан иіссу алсаңыз, тым болмаса оны QR арқылы тексеріңіз. Міне, мен оған қоссам, ештеңе шықпайды. Ал дүкендегі тауар бірден өндіруші кім, қай ел, қай компания екенін көрсетіп тұр.
Шыққан тегі күмәнді иіссудың жеңілдікпен сатылған бағасының өзі әжептеуір қомақты. 14 мың мен 18 мың теңге аралығында болады.
Тұрсын Жағыпарова, Тұтынушылар құқығын қорғау ҚБ басқарма басшысының орынбасары:
- Алаяқтықтың мұндай түрі әдеттегі саудадан да жылдам дамып жатыр. Адамдарды алдау – қылмыстық жауапкершілік. Хабарласқан телефон номерлерін сақтаңыздар және сол мәліметтерді көрсете отырып, тиісті органға арыздану керек.
Кейіпкеріміз: «Иіссу алып алданған жалғыз мен емес», – дейді. Әлеуметтік желіде топ ашып, өзі сияқты тағы 20 адамның бар екенін анықтаған. Дені зейнеткерлер болып шықты. Олар: «Ақшамызды кері қайтару қиын, тым болмаса енді өзгелер айлакерлердің құрбаны болмаса», – дейді.
Авторы: Ердәулет Байдуллаев