20 мыңнан астам қазақстандық деструктивті діни ағымды ұстанады
Елордада Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумы өтті. Онда «интернеттегі радикалды идеологияға қалай қарсы тұрамыз және деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту үшін не қажет?» деген сұрақтар қозғалды.
Сырымбет Жүнісов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- 2000 жылдың басы, 90-ның аяғында исламға бет бұра бастадық. Баспа кітап, дінтанушы мамандар аз. Жоқтың қасы десек болады. Біз дұрыс жолдамыз ба деп ойладық.
Сырымбет Жүнісов дінге 40-тан аса ақыл тоқтатқан шағында келді. Бірақ дұрыс деп жүргені бұрыс болып шықты. Жалған дін жарға жықты, ақыры алты жылға бас бостандығынан айырылды. Терроризм үшін.
Сырымбет Жүнісов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мәселен террорды жасау емес, террор жасайтындарды қолдау, қолдау көрсету деген, соны мақұлдау деген сөз болып табылады. Бұл – дұрыс деген көзқарас. Дінді дұрыс түсіну керек. Оны уағыздап, дұрыс айтатын мамандар қажет.
Түрмеден босап шыққанына екі жыл болды. Түзеу мекемесінде де, қазір де оның жанында кез келген сұрағына жауап беретін сауатты адамдар бар. Күнара мына орталыққа келеді. 2013 жылы ашылған орталық деструктивті ағымда жүрген жандарға әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеді. Ондай адамдармен жұмыс істеудің өзіндік қиындығы бар. Олар мемлекеттік саясаттан мүлдем бейхабар, тіпті ұлттық дәстүрге кереғар.
Гүлмира Серікбаева, дін проблемасын зерттеу орталығының бөлім басшысы:
- Қазақтың ұлттық құндылықтарын, тарихын мойындамайды, дәстүрді қолдамайды. Көп қарсы пікір айтып жатады. Мысалы осы жылдың басында арнайы бесік жырын бірге отырып шырқадық. Тұсау кесу рәсімін өткіздік.
«Дін – апиын» деген тіркеске қазір көбі қарсы. Бірақ «діннің дұрысы – қасиет, бұрысы – қасірет» екенін біздің әлем біліп жүр. ХХІ ғасырдың басынан бері әлемде 72 мыңнан астам террористік акт жасалған, онда 170 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қазірдің өзінде Қазақстанда деструктивті діни идеологияның 20 мыңнан астам жақтаушысы бар.
Сергей Швейкин, ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары:
- Олардың дені Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары мен Алматы және Нұр-Сұлтанда тұрады. Кәсіби теологтар олармен жұмыс жасап, радикалды райынан қайтарып жатыр. Мысалы өткен жылы 2 мыңға жуық адам жат ағымнан бас тартты.
Қазір ел бойынша 7 мыңнан астам діни қызметкер бар. Соңғы үш жылда олар 78 мыңнан астам ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізген. 5 млн қазақстандықты қамтыды. Форумда сала министрі енді мұндай шаралардың ауқымын тарылтып, тәуекелі көп топтармен жұмыс істеуді ұсынды.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Олар – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен студенттік жастар. Ал елдегі ахуалға келер болсақ, позитвиті динамика бар. Деструктвиті ағымға еретіндердің саны азайып келеді. Интернет кеңістігінде де мониторинг жүргізіліп отыр. 2019 жылдың басынан бері 25 мыңнан астам материал жойылды, мазмұнында діни экстремизм насихатталған 13 мың материал бұғатталды.
Форум аясында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти бірнеше ұсыныс айтты. Соның бірі – түрмелерде жұмыс істейтін имамдарға тұрақты жалақы тағайындау мәселесі.
Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- 100-ге жуық түзеу мекемелерінде жұмыс жасайтын дін қызметкеріне тұрақты жалақы тағайындалса, бұл адам тағдырына жуапкершілікпен қарап, есеп үшін емес, елдің игілігі жолында қызмет етіп жүрген дін қызметкеріне көрсетілген қамқорлық, әділ баға болар еді.
Зерттеулерге қарағанда Қазақстан халқының 60-тан 90% дейінгі бөлігі дінге сенеді. «Сондықтан діни болмысқа үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстау қажет», – дейді мамандар. Қажет. Сирия сценариі секілді сансоғып қалмас үшін.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Марат Құрақов және Азамат Сәметов