Ертіс өңірінде инсулин тапшы деген ақпарат расталмады
Сырқаттар қол қойған ресми хатта инсулин және өзге де препараттардың жетіспеушілігі туралы жазылған. Сонымен қатар инелер мен тест-жолақтары тапшы делінген. Бұл жайт салада тексеріс жүргізуге түрткі болды. Павлодарлықтарға алаңдауға негіз бар ма?
42 жастағы Сергей Извеков сусамыр дертіне шалдыққан. Соңғы жылдары емхана есебіне тұрып, мемлекет тарапынан тегін дәрі алып жүр.
Сергей Извеков, сырқат:
- Терапевтке келіп, дәрі-дәрмекке рецепт алдым. Әрине, қант диабеті – аса күрделі дерт. Екі-үш күн инсулин алмасақ, ауру асқынып кетеді. Өз басым лантус препаратына тәуелдімін. Бүгінгі күнге дейін барлығын уақытында алып келемін.
Облыс орталығындағы №5 емханада инсулин тапшылығы туралы хабар әлеуметтік желілерде тез тарады. Ел ішін дүрліктіріп, алаңдаушылық тудырған мәліметті сала мамандары тексерді.
Аягөз Айтбаева, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету компаниясы өкілдігінің жетекшісі:
- Бүгінде дәрі-дәрмектерді кешіктіріп жеткізу оқиғалары тіркелген жоқ. Сырқаттарға алаңдауға негіз жоқ. Қант диабеті әлеуметтік маңызды ауру болғандықтан, препараттарды тасымалдау жіті назарымызда. Қорымызда дәрі әрдайым болады.
Тексере келе шағымхатқа 19 адамдың қол қойғаны белгілі болды. Сала мамандарының айтуынша, 12 сырқат қараша айының соңына дейін, ал тағы алтауы жыл соңына дейін тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылды. Айта кетейік, қазан айында препараттарды кешеуілдеп жеткізу дерегі тіркелген. Бірақ бұл сырқаттардың дәріні уақытылы қабылдауына кедергі келтірген жоқ.
Айтқазы Жапарбеков, қалалық №5 емхананың бас дәрігері:
- Біздің емханада қант диабетіне шалдыққан 300 адам тіркеліп тұр. Бәрі уақытымен дәрілерді алып жүрді. Мұндай жағдай бұрын болған жоқ. Олардың бәрі осы емханада емделіп жүр, не себеппен жазғанын мен білмей тұрмын.
Анар Омарова, Денсаулық сақтау басқармасы Лицензиялау және дәрі-дәрмекпен қамту бөлімінің басшысы:
- Бұл мәселе бойынша мониторингтік топ құрылды. Деректер расталған жоқ. Мәліметтерді тексере келе сырқаттардың барлығы дәрімен қамтылғанын нақтыладық. Алдағы уақытта сала мамандары құқық қорғау органдарына шағым түсірмекпіз.
Дәрігерлер: «Дәрі-дәрмек жетіспеушілігіне қатысты сұрақтар туындаса, сырқаттардың құқықтарын қорғау қызметі немесе салалық мекемеге көмегіне жүгінген жөн», – дейді.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Ертіс өңірінде қант диабетіне шалдыққан 20 мыңнан астам азамат тіркеуде тұр. Олардың үш мыңға жуығы инсулинге тәуелді. Біз облыстың емханаларын аралап, сырқаттармен сұхбаттасқан соң дәрі тапшылығы жоқ екеніне көз жеткіздік.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий