Елімізде ауыл шаруашылығын әртараптандыруда ілгерілеу бар
Осыдан 7 жыл бұрын қолға алынған шараны қазір әр өңір тәжірибеге енгізіп жатыр. Шаруалар өнімді түрлендірудің пайдасын түсіне бастады. Мысалы, тек қана бидай егіп, астықтың қамын күйттеп жүрген Ертіс өңірінің диқандары алғаш рет қант қызылшасын екті.
СҚО шаруалары биыл 2 млн 861 мың гектар алқаптан 4,8 млн тонна астық жинады. Шығымдылық, орта есеппен алғанда, 16,8 центнер. Көрсеткіші бұдан төмен басқа өңірлер бидай мен арпа егуді дәстүрге айналдырған. Нарық заманында мұндай қадам жарамайды. Ауыспалы егінге көшу осыдан келіп туындады.
Алмат Қонақов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:
- Бұл жерде мемлекет шаруаларға ұсыныс тастап отыр. Ал кім не егетінін және қайда сататын өзі шешеді. Ешкім шығындалғысы келмейді. Нарықты дұрыс болжаса, пайдасын көретін өзі.
Бұл формуланың дұрыс жұмыс істей бастағаны байқалады. Мәселен, БҚО-ны алайық. Былтыр өңірдегі күнбағыс және мақсары алқаптарының аумағы 25 мың гектарға артқан. Мамандар мұның себебін майлы дақылдардың нарықтағы бағасы жоғары болуымен әрі мақсарының қуаңшылыққа төзімділігімен түсіндіреді.
Алмат Қонақов, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысы:
- Сондай-ақ СҚО, Қостанай мен Ақмола облыстарында майлы және сұранысқа ие өзге де дақылдар өсіруге көп көңіл бөлуде. Ол мал азығын дайындау және экспортқа жіберу үшін жасалынып жатыр.
Пайданың көп болғаны жақсы. Бірақ жаппай барлық диқан бір мезетте бірдей өнім түрін өсіруге көшіп кетуі тағы жарамайды. Экспортқа жауапты ведомстволар ұйымдастырушылық жұмысты жүйелі жолға қойып беруі керек.
Кенже Абдуллаев, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры:
- Жасымықтың көлемі бірінші жылы 200 мың болатын болса, екінші жылы 100 мыңға дейін түсіп кетті. Неге? Барлығы еге бастады. Оның ақшалы дақыл екенін білді. Ортада жүрген дәнекерлер көп. Бағаны түсіріп тастады.
Павлодар облысы суармалы егіс алқаптарында алғаш рет қант қызылшасын екті. Тәжірибе көңілден шықты.
Виктор Дубовицкий, агрокәсіпорын директорының орынбасары:
- Біз қант қызылшасын келешекте облыс аумағында салынатын қант зауыты үшін өсіретін боламыз. Жаңа зауыт Қазақстан халқын қантпен қамтамасыз етеді. Қант қызылшасы аяздан қорықпайды. Сондықтан өнімді сақтауда ешқандай қиындық жоқ.
Еліміз бойынша биылғы жиын-терімнің көлеміне келетін болсақ, алдын ала мәліметке сай 19,6 млн тонна астық жиналды. Сұлы – 278 мың тонна, күріш – 595 мың тонна, жүгері – 763 мың тонна, ал мақта 320 мың тоннаны құрайды.
Түркістан облысының диқандары ақ алтынның 94% жинап үлгеріпті. Ал Сыр күрішшілері биыл тағы рекорд жаңартты. Аймақта орташа өнім гектарына 60,3 центнерді құраған. Аймақта богарлық әдіспен, яғни суармай-ақ мал азығы дақылын егуге де басымдық беріліп отыр. Оның өзіндік астары бар.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Марат Құрақов.