СҚО-да толық қатпаған өзенге қармақ салған балықшы суға кетті
Железное ауылы тұрғынының денесі көлден табылды. Өзен сулары толық қата қойған жоқ, мұз қабаты әлі жұқа. Сондықтан оның бетінде жүру қауіпті. Осыған орай төтенше жағдай қызметкерлері рейд ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Александр Пушкарев судың беті қатар-қатпастан қармағын арқалап, Есілге келді. Таңертеңнен 2 шортан ұстапты. Балықшының бірде-бір құтқару құралы жоқ.
Александр Пушкарёв, балықшы:
- Мына жер терең емес. Өзеннің ортасына бармаймын. Мұз әлі қатпаған. Шытырлап жатыр.
Александр секілді кәнігі балықшылар өте көп. Сондықтан құтқарушылар Есіл өзеніне шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өткен аптада мұз шытынап, 2 балықшы батып кетті. Міне тағы да суық хабар.
Қуат Махметов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:
- Бір азамат ауылынан шығып, Соленное өзеніне велосипедпен барып, балық аулауға аттанды. Кешке қарай оның туыстары полицияға жүгіні, біздің жедел құтқару жасағы мен полиция қызметкерлері судан сол азаматты алып шықты.
Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы әр жерде әртүрлі. Ол судың ағысына байланысты болады.
Біз қазір Есіл өзенінің арнасында тұрмыз. Бұл жерде мұздың қалыңдығы – 10 см. «Ал өзеннің өзінде екі-ақ сантиметр», – дейді мамандар. Төтенше жағдайлар қызметкерлері балықшыларға ескерту ғана жасайды. Тек соны еститін құлақ болса.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев