Дәрігерлер ауруханаға түскен оқушылардың қандай вирус жұқтырғанын білмей отыр
Олардың біразының осы күнге дейін «денсаулықтары қалыпқа келді» деп мамандар мәлімет таратқанмен, әлеуметтік желілерде «балаларды мазалаған белгісіз дерттің беті қайтар емес» деген ақпарат желдей есіп жүр. Тіпті зардап шеккен оқушылардың қатары 200-ден асып кеткен көрінеді. Оқушыларға не болды? Олар неден улануы мүмкін?
Аталған оқиға өткен аптаның бейсенбі күні басталған болатын. Себебі дәл сол күні сабаққа 82 бала келмей қалады. Анықталғандай, барлығы да өткен түні өздерін жайсыз сезінген. Бастары айналып, жүректері айнып, іштері өткен. Бірақ олардың 10 шақтысы ғана дәрігерге көрініп, екеуі ауруханаға жатқызылған.
Виктория Пичкунова, облыстық балалар ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі:
- Бізде жатқан балалардың жағдайы қазір қанағаттанарлық. Ешқайсысы қызуы көтерілген жоқ. тамақ ішуі мен көңіл-күйлері жақсы. Ал диагнозы – ішек жолдарының бұзылуы. Бірақ оның неден пайда болғаны нақты белгісіз.
Балаларға не болғанын санитарлық дәрігерлер де дөп басып айта алмай отыр. Зерттеу нәтижелерінің алғашқы қорытындылары бойынша оқушылар тамақтан уланбаған болып шықты.
Айнагүл Мусина, Тауарлар мен қызмет қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:
- Мектептің асханасы тексерілді. Алынған сынамалардан ешқандай кемшіліктер анықталған жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, өздерін жайсыз сезінген 80 баланың 30% асханадан тамақтанбаған. Сондықтан олар мектептегі тамақтан уланды деуге негіз жоқ. Алдын ала болжам бойынша, оқушылар ғимаратты желдетпегеннен немесе вирустардың таралуына жол ашатын басқа да жағдайлардан уланған болуы мүмкін.
Алайда жергілікті билік өкілдері мен дәрігерлер: «Даурығуға негіз жоқ», – деп желіде желдей ескен бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Бейбіт Жүсіпов, қала әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңда «250 бала осы мектепте сабаққа келмейді» деген ақпарат дұрыс емес. Жалпы қала бойынша бұл – күнделікті процесс. 4-5% дейін балалар сабаққа қатыспайды. Оларда белгілі себептер бар.
Дегенмен санитарлық дәрігерлер мектепте залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, асхананы да уақытша жапқан. Себебі кешенді тексеріс кезінде қызметкерлердің бірінің медициналық кітапшасының мерзімі өткені анықталған. Ал белгісіз вирусты инфекцияның нақты неден пайда болғаны сол күйі беймәлім болып отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко