Макулатура жинайтын кәсіпкерлер тығырыққа тірелді
Оралда макулатура жинаумен айналысатын кәсіпкерлер тығырыққа тірелді. Олар бұған дейін қалдықтарды Ресейдегі қайта өңдеу зауыттарына өткізіп, содан пайда тауып отырған. Енді қағаз қалдықтарын сыртқа шығаруға салынған тыйым шаруаны шатқаяқтатты деп шағымданып жатыр.
Дмитрий Борисов макулатураны мекеме-ұйымдар мен тұрғындардан қабылдап, өңдеуші кәсіпорындарға жөнелтеді. Анығы бұрын солай болған. Ал ақпан айынан бері оның кәсіпорнында қағаз қалдықтары тау болып үйіліп жатыр. Өйткені шекарадан өткізуге тыйым салынды. Ертеде 250 шақырым жердегі Самараға апарып тапсыратын. Енді 2,5 мың шақырым жердегі Алматыға тасымалдау тиімсіз.
Дмитрий Борисов, кәсіпкер:
- Қазір ауламызда 120 тоннадай картон қағаз жатыр. Қайда жіберетінімізді білмейміз. Алматы алыс. Басқа жерде өңдейтін орын жоқ. Тыйым салғаннан кейін, қалдық тапсырудан қиындық болмайды деп 20 шақты мекеменің телефонын берген еді. Бәрі де делдалдар болып шықты. Бұрын макулатураның келісін 20 теңгеден алдық. Енді 10 теңгеге түсті. Ол бағаға ешкім әкелгісі келмейді.
Облыста 16 кәсіпкер қағаз қалдықтарын жинаса, соның біреуі ғана өңдеумен айналысады. Мұнда жылына 10 тоннадай макулатура қайта өңделеді. Бірақ негізінен таза, ақ қағаздар қабылданады. «Ал картонды өңдеуге біздің құрал-жабдықтар арналмаған», – дейді кәсіпкер.
Данара Искакова, кәсіпкер:
- Біздер әжетхана қағазын шығарамыз. Ал картон қағаздарды өңдеу үшін арнайы станок керек. Оның бағасы миллион доллардай тұрады. Оны алуға шамамыз жетпейді. Әрине, макулатураны шетелге шығаруға тыйым салынғалы шикізат көбейді. Соның арқасында өнім көлемі де артты. Бірақ мына қалдықтар мен картондарды да тиісті жеріне жеткізу керек деп ойлаймын.
Макулатураны шетелге шығаруға салынған тыйым күшін жоймаса, оны қабылдаушы мекемелердің шаруасы шатқаяқтауы мүмкін. Ал қажетсіз болған қалың қағаз елді мекендер мен қалаларда тау болып үйіліп қалады. Мұны мемлекеттік органдар да мойындап отыр. Өйткені пластик пен шыныны және қағазды тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына жеткізуге де биылдан бастап шектеу қойылған.
Фариза Сұлташева, БҚО Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:
- Өңдеуші зауытқа апару көбінен кәсіпкерлерге тиімсіз болуда. Себебі көрші Самараға шығару, жүк көлігін жалға алу 70 мың теңгені құраса, Алматы қаласына 300 мың теңге болады. Егер теміржол арқылы тасымалданса, тарифтік құны жалға алу, өзге де шығындарды есептегенде 500-700 мың теңгені құрап отыр. Осыған байланытсы кәсіпкерлер облыс басшылығына «Атамекен» палатасына шағымданып, тілектерін білдірген болатын.
Кәсіпкерлердің шағымына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Олар қағаз қалдықтарына қатысты батыста қалыптасқан жағдайды зерттеп-зерделемек. Тығырықтан шығар тағы бір жол – қағаз қалдықтарын өңірде өңдеу. Алайда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында қоқыс өңдеу зауыты салынады деп сан мәрте айтылғанымен, жоба әзірге қағаз бетінде қалып тұр.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов