Президент Қытайдағы қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруді тапсырды
Президент «CNPC» басшылығының алдына қазақстандық жұмысшылардың жалақысын көтеруге, олардың айлығын шетелдік жұмысшыларға төленетін еңбекақы деңгейімен теңестіруге қатысты бірқатар міндет қойды. Сондай-ақ тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыру керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай арасындағы тату қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне «CNPC» компаниясының қосқан үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде Ван Илинь Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты компанияның алдына қойылған міндеттерге түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ван Илинь мырза, елімізге қош келдіңіз! Компанияларыңыз өте танымал. Біз оны жақсы білеміз. Қазақстандық нарыққа бірінші болып келген компаниялардың бірі. Елдеріңізге жасаған мемлекеттік сапарым кезінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырзамен келіссөздер жүргіздім. Біз декларацияға қой қойдық. Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестік елдер екені мәлім. Бұл бағыттағы әріптестік жалғасады. «CNPC» компаниясы мұнай өндіру, өңдеу, көмірсутегін тасымалдау салаларында еңбек етеді. Сіздің корпорация жүзеге асырып жатқан жобалар Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады.
Ван Илинь, «CNPC» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы:
- Құрметті Президент! Кездесуге уақыт бөлгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстанмен әріптес болып, жұмыс істеуімізге мүмкіндік бергеніңіз үшін Сізге «CNPC» компаниясының атынан алғысымды айтқым келеді.
Қытайлық компанияда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысын көтеруге, олардың айлығын шетелдіктермен теңестіруге тікелей Ақтөбе облысының әкімі де міндетті болмақ. Бұл мәселелер екі жақты келіссөздер бойынша шешілуі тиіс.