200-ге жуық азамат ғаламтор арқылы алданып қалды
СҚО-да интернет арқылы жалған жарнамаларға алданып қалған жандардың қатары артқан. Өңірде жыл басынан осындай қылмыстың 190 дерегі тіркелген. Жәбірленушілердің көбі онлайн сауда барысында сан соғып қалған.
Петропавл қаласының тұрғыны Максим Кирнос – алаяқтардың арбауына түсіп қалған жандардың бірі. Әлеуметтік желідегі жарнаманың жалғандығына күмәнданбаған азамат көрсетілген телефонға хабарласып, жұмысқа орналаспақшы болған. Ал құжаттардың көшірмесін алып алған пысықайлар микроқаржылық ұйымдарынан онлайн түрде бір емес, екі несие рәсімдепті.
Максим Кирнос, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Банкке барып несие тарихымды тексертсем, мамандар екі кредит алып, оны төлемей жүргенімді айтты. Бірден ғаламтордағы жұмыс жайлы ұсыныс ойыма түсіп, полицияға арыздандым. Олар көп ұзамай күдіктіні қолға түсірді. Кейін бұл алаяқтың менен басқа тағы екі адамды тақырға отырғызғандығы анықталды.
Интернетті игі мақсатқа емес, арам айласы үшін пайдаланып жатқандардың саны артып барады. Ал полицейлер оларды қолға түсіру оңай шаруа емес екендігін айтуда. Жалпы биылдың өзінде СҚО-да 200-ге жуық адам ғаламтордың құрбаны болған. Бұл өткен жылдық сәйкес мерзіммен салыстырғанда едәуір көп.
Қайрат Қасенов, облыстық ПД Тергеу басқармасының аға тергеушісі:
- Жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 190 факт тіркелді. Олардың ішінде әрбір үшінші қылмыс ашылып тұр. Қазіргі уақытта интернетке қатысты алаяқтық фактілері кеңінен таралған. Олардың ішінде айтылғандай микрофинанстық ұйымдардан несие алу, пәтер жалдау алаяқтығы, автобөлшектерге тапсырыс беру және басқа да интернет жүйесіне байланысты алаяқтардың айласы бар.
Виртуалды әлемді қолшоқпарына айналдырғандар жер шарының кез келген нүктесінде отырып, тұзағына түсіруі мүмкін. Оның үстіне ақпараттық технология дамыған сайын алаяқтың айласы да көбейген. Онлайн сауда жасау барысында азаматтардың аңғалдығы тағы бар.
Міне айналасы 5 минуттың ішінде бізде тауар сатып жатқан азаматтың аты-жөні мен банктік есеп-шотын оп-оңай біліп алдық. Бірақ мән-жайды түсіндіріп, онлайн сауда жасаған кезде мұндай ақпараттарды ешқашан жария етпеу керектігін ескерттік. Бұл талапты орныдамасаңыз, сіз де ғаламтордағы алаяқтардың арбауына түсіп қалуыңыз ғажап емес.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов