Мектеп қабырғасында 2-сынып оқушы қайтыс болды
Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, бала тұншығып қайтыс болған. Нақтырақ айтқанда, тыныс алу жолына қаламсаптың артқы бөлшегі тұрып қалған екен. Қайғыдан қара жамылған отбасы: «Мейірбике балаға дер кезінде көмек көрсетсе, аман алып қалуға болар еді», – деп отыр.
Қыршыннан қиылған Айқын Ермектің сыныптағы орны қазір ойсырап бос тұр. Жасөспірім өз партасына соңғы рет қарашаның 11-інде отырған. Сол күні ол алғашқы сабақтан кейінгі үзілісте достарымен бірге асханаға жарыса жөнелген екен. Алайда орта жолда халі нашарлап, есінен танған.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Қайғылы жағдай мектептің 2-қабатқа көтерілер баспалдақ дәлізінде болған. Мұғалімдер 2-сыныптың оқушысын осы жерде ес-түзсіз жатқан жерінде тауып алған. Ұстаздар: «Балаға бірден алғашқы медициналық көмек көрсеттік», – деп отыр.
Гүлназ Жайнақова, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі:
- Осында көтеріп әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Сол сәтте жедел жәрдем келді. Сол кісілерге тапсырып, әрі қарай шығып кеттік.
Дәрігерлер баланың өмірін сақтауға тырысқанымен, еш нәтиже шықпады. Жасөспірім білім ордасында көз жұмды. Бүгін ет жақындары жеткіншекті жер қойнына тапсырды. Медициналық сараптаманың нәтижесі де белгілі болыпты.
Жанар Оразалинова, марқұмның апасы:
- Тыныс алу жолына қаламның бұрайтынын аузына салып жүрген, сол кетіп қалған деді.
Қайғыдан қара жамылған отбасы: «Балаға алғашқы медициналық көмекті білікті маман көрсетсе, аман алып қалуға болатын еді», – деп отыр. Өйткені оқыс оқиға кезінде мектепте мейірбике болмаған.
Хамза Қалдиева, марқұмның нағашы апасы:
- Мейірбике болғанда баланың ауа жетпей тұншығып жатқанын түсінер ме еді?! Тұншығып жатқан балаға массаж жасаған. Атасы келем дегенше бала жүріп кетіпті.
Айнагүл Төлемісова, мектеп мейірбикесі:
- Сағат 13:00-14:00 аралығында мен вакцина алуға барғанмын. Сол уақытта маған хабарласты. Мен: «Вакцина алып жатырмын, скорый шақыртыңдар», – деп айттым.
Серік Үпиев, облыстық ПД ресми өкілі:
- Аталған дерек оқыс оқиға ретінде тіркеуге алынды. Дегенмен осындай жағдайда жүргізілуі тиіс сараптамалар тағайындалды. Сараптамаға сәйкес процесуалдық шешім қабылданатын болады.
Биыл мұндай жағдай өңірде екінші рет қайталанып отыр. Осыған дейін Кербұлақ ауданында 4-сыныптың оқушысы мектеп қабырғасында жүрек талмасынан көз жұмған еді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов