Жол тазалығына жауапты мекемеге арнайы техника керек
Салдарынан қараша айының басында соққан бораннан қар құрсауында қалған жүздеген жолаушыға қажетті көмек кешігіп жеткен. Орын алған жағдайдың себеп-салдарын талқылаған облыс басшылығы осындай қорытындыға келіп отыр. Ал мұндай олқылықтың қайталанбауы үшін тиісті органдарға нақты тапсырма берілді. Әсіресе «Қазақавтожол» мекемесіне арнайы техникалардың санын аз уақытта арттыру міндеттелді.
Он күн бұрын соққан қыстың алғашқы бораны республикалық маңызға ие Самара-Шымкент тасжолының жабылуына әкеліп соққан болатын. Қар құрсауында қалған 200-ден астам адам мен ондаған техниканы құтқару тек төрт күннен кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін жолаушылар жылыту пунктері мен кемпинг, дәмханаларды паналаған еді. Қар тазалағыш арнайы техникалар мен әр ауданнан көмек қолы тартылғанымен, жолға жауапты бас мердігердің ісінен кемшілік анықталған.
Құмар Тұрмағамбетов, ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
- Мердігер мекеме «Қазақавтожол» ЖШС техниканың жетіспейтіні анықталып отыр. Ол маңызды қауіпті учаскелерді белгілеп, сол жерге осы мердігер мекеме келісімшартқа отырып, осы жерлерге қою қажет.
Жол тазалауға қажетті техниканың аздығын «Қазақавтожол» ЖШС мекемесінің қызметкерлері де мойындайды. Әрі мұндай мәселенің орын алғанына біраз жылдың жүзі болған. Қазір қолдағы жұмысқа жарамды техниканың саны 79 екен. Бұл – қыс мезгіліне қажетті көліктің 54%. Норматив бойынша 146 арнайы техника болуы керек. Сондықтан да жылдағы әдетке сай, биылғы маусымда да қосымша техникаларды өзгелерден жалға алуға тура келеді. Әзірге үш компаниямен келісім жасалған.
Марат Тіленбаев, автокөлік жолына қызмет көрсетуші компанияның бас инженері:
- Бұдан басқа тағы да он шақты техника алуға келісімге қол қойып жатырмыз. Бізге бастысы погрузчик, автогрейдер, сосын КДМ секілді осындай ауыр техникалар қажет. Сондай техникаларға тапсырыс беріп, келісімшартқа отырдық.
Бес бірдей бағыт бойынша республикалық тасжолдарға жауапты мердігер мекеме техника паркін бір апта ішінде толықтыруы тиіс. Бұл – облыс басшылығының ұйым алдына қойған басты тапсырмасы.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Жол мекемемелірінің қыс мезгіліне дайындығын арнайы құрылған комиссия өкілдері тексеретін болады. Алғашқы бақылау жұмысы осы аптаның соңында жүргізілмек. Негізгі мақсат – қыс мезгілінде сапарлаған жолаушылар мен көліктер қозғалысын үздіксіз қамтамасыз ету. Ал ауа райын болжаушы мамандар биылғы қыстың өңірде қатал болатынын айтады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев