ҚХА ұйымдастырған ІV медиафорум өтті
Әсіресе тақырып қоғамдық келісім, этносаралық қатынасқа қатысты болса, бұл қағидаттың өзектілігі еселене түседі. ҚХА ұйымдастырған медиафорумда сарапшылар осындай пікір айтты. Форумға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан шолушылары мен халықаралық сарапшылар келді. Оның қатысушылары қазіргі журналистиканың проблемалық тенденцияларын талқылады. Атап айтқанда, БАҚ-тағы негативизм, әлеуметтік желілердегі «жаулық тіл» және фейк, яғни жалған ақпараттардың ағынына төтеп берудің тетіктері айтылды.
Жансейіт Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары:
- Отандық журналистика үшін қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптары өте маңызды.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Жалған ақпараттық технологиялар адамдардың кәсіби журналистикаға деген сеніміне жаппай нұқсан келтіріп жатыр. Бұл сөзсіз барлық БАҚ-қа, әрбір кәсіби журналист үшін дабыл. Жалған ақпараттар ертеден бар. Бірақ бүгінде ас үйде айтылатын әңгімелерді таратушының қасында компьютер, қолында телефон бар. Де-фейк технологиясы жөні түзу қолға түспесе, қоғамның көңіл-күйін бұзатындай қауқары бар күшке айналды. Мысалы Британияда газет не агенттік жалған ақпарат таратса, оларға қара мөр қойылады. Біздің медиа қауымдастыққа да осындай шаралар қабылдау қажет болар.
Қазақстандық БАҚ елдегі келісімді насихаттауда жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Өткен 9 айда этносаралық тақырыбын қамтыған 12 800 материал шыққан. Форум аясында ҚХА-ның «Шаңырақ» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Мемлекеттік тілді насихаттағаны үшін бірден үш журналиске І орын бұйырды. Олардың арасында «Хабар24» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Ақсәуле Байменшина бар.