Ақмола облысындағы ет зауыты экспорт көлемін арттырады
2011 жылы құрылған кәсіпорын қуаттылығын ұдайы арттырып келеді. Шұжық және консервіленген өнімдерін, ірі қара мен жылқы етін елдің барлық аймағына жөнелтеді. Ресейге де экспорттайды. Зауытта 900 басқа арналған мал бордақылау алаңы бар. Алдағы уақытта тағы 5 мың басқа арналған кешен салуды көздеп отыр. Ал экспорттық өнімдерін Өзбекстан мен Малайзияға жөнелту жоспарда бар.
Шәкихан Антаев, ет өңдеу зауытының директоры:
- Ресей нарығына шығу өте қиын. Оның шаралары Үкімет тарапынан жүріп жатыр. Кедергілер болған, дәл қазір жоқ. Біздің тауарлар барлық облыс орталығында сатылады. Қазіргі таңда Өзбекстан мен Малайзиямен келіссөз жүріп жатыр.
Ақмоладағы қап шығаратын кәсіпорын жұмысы да Мемлекет басшысы барған нысандардың бірі болды. Өндірісте мыңға жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы 90 мың теңгені құрайды. Жылына 10 млн қап шығарылады. Өнімдер қазақстандық кәсіпорындарға және шетелдік нарыққа жіберіледі. Атап айтқанда, Ресей мен Беларусь және Өзбекстан негізгі тұтынушы елдер. Бірақ елді толық қамтамасыз ету әзірге мүмкін емес. Нарық талаптарына сай кейбір отандық кәсіпорындар қажетті тауарды сырттан сатып алады. Дегенмен Президент өндіріс қуаттылығын төмендетпей, тұрақты еңбек өнімділігін сақтауды тапсырды.
Бекзат Сапаров, машинист-экструдер:
- Қапты шығарудың бірінші этапы бізден, яғни машинист-инструктордан басталады. Онда полипропиленнен кальций арқылы пленка шығарамыз. Оны жіп қылып дайындаймыз, содан оны арнайы құрылғылар алады. Күніне 2-3 мың келідайындаймыз.