Хабар телеарнасы

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік нысандарды аралады

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңірге сапары кезінде айтылды. Үкіметтік жұмыс тобы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Облысқа қажетті 95 алғашқы санитарлық көмек көрсету нысанын салу бағытында кешенді жол картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес бұл дәрігерлік амбулаториялар 2 жыл ішінде салынып, елді мекендер толықтай қамтылуы тиіс. Бүгінгі таңда оның 30-ның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бердібек Сапарбаев ауылда салынған шағын медициналық мекемелердің біріне арнайы барып, қызметкерлермен кездесті.

Қазір қалған 65 нысанға қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Жергілікті билік қыруар қаражатты талап ететін мәселені шешуде қаржы мен уақыт үнемдеудің тиімді жолын тапқан.

Марат Жұманқұлов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 95 нысанға 6 млрд 200 млн теңге керек. Ал енді үнемделген сметаны пайдалану және жекеменшік әріптестік қағидаларын қолдану нәтижесінде бұл екі есе арзандап отыр. Яғни барлық 95 нысанға 3 млрд 200 млн теңгеміз кетіп отыр.

Шағын шаруашылықтарды біріктіру арқылы еңбек өнімділігін арттыру – аймақтардағы басым бағыттардың бірі. Бұл тұрғыда Әулиеата өңірінің тәжірибесі мен көрсеткіші көпке үлгі. Аудан, ауылдарда жаппай кооперативтер құрылып, жұрт бірлесіп еңбек етудің тиімділігін түсінді. Пилоттық жоба аясында жергілікті халық жерлерін біріктіріп, мал басын қосып, қажетті техника алуды қолға алған. Мәселен, бір ғана Қостөбе ауылында 200-ге жуық аула бірігіп, тірлік бастаған.

Үкімет өкілдері ауылдық ағайынмен кездесіп, кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ауқымды ақпарат берді. Жерді тиімді иегеріп, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін түсіндірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ешкімнің әкесінен қалған жер мұра емес. Жер мемлекеттікі. Жерді кезінде алдыңыз. Бірақ оны тиімді пайдалану керек. Біріншіден, жердің құнарлылығын сақтауымыз қажет. Екіншіден, одан тиісті өнім алуымыз керек. Мына жобаның ары қарай жүріп кетуі әр адамға байланысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық конференцияға қатысты. Онда елімізбен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Моңғолия сияқты елдердің тарихшы ғалымдары Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге қатысты өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Тарих қойнауында зерттелмеген көп мәселе бар. Ендігі біздің міндетіміз солардың барлығын тек қана өзіміздің күшімізбен емес, басқа да мемлекеттердің ғалымдарының, мамандарының көмегімен зерттеп, басқа ұлттарға, елдерге таратуымыз керек.

Көне тарихи шаһарды дамытып, туристік қалаға айналдыру жұмыстары басталып кеткен. Қазір ескі базар сүріліп, орнына «Шахристан» тарихи-мәдени кешенді орталығы салынып жатыр. Мұнда 60 шеберханадан тұратын қолөнершілер қалашығымен қатар 7 ғимарат бой көтерді. Қазір құрылыс жұмыстары 80% аяқталған. Сонымен қатар Әулиеата кешені де салынуда. Айта кету керек, бұл нысанды салуға бюджеттен бір тиын да шығарылмаған. Енді мұны өңірдің 80 жылдығында ел игілігіне беру көзделіп отыр.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Жалпы 335 мың туристі қамтуды жоспарлап отырмыз. Сіз көрген жердің арғы жағынан канат жолын жасайын деп отырмыз. Мың жылдық тарихымызды көрсету үшін үлкен қамал соғамыз. Қазіргі таңда бірінші кезеңін бастап кеттік. Бұл – Әулиеатаның тұрған жері. Әулиеатаға 22 метрлік үлкен ескерткіш қойылғалы отыр.

Жұмыс тобы бұдан ары мұғалімдер, ардагерлер және жастармен кездесті. Жалпы Үкімет мүшелері бүгінгі күнге дейін тындырылған тірлік пен жаңа бастамаларды жоғары бағалады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә