Ақтөбеде 5 жасар бүлдіршін дәрігерлердің қолында көз жұмды
Олардың айтуынша, 5 жасар Іңкәрға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Бірнеше аурухананың арасында сандалтып қойған.
Іңкәрдің ойыншықтарын ата-анасы бірден көзден тасалапты. Тек сүйікті қуыршақтарын лақтыруға жүректері дауаламаған. Кеше ғана тықылдап тақпақ айтып жүретін бөбектің қайтпасқа кеткеніне әлі де болса сене алмайды.
Қызуы кенеттен көтеріліп, жөтел қысқан бөбекті жедел жәрдем қызметі облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Бірақ ол жердегі дәрігерлер қабылдаудан бас тартып, жұқпалы дерттер емханасына жолдайды. Минут сайын әлсіреп бара жатқан бүлдіршінді қолдарына алған ата-анасы қалалық аурухананың да есігін қаққан. Бірақ емдеу орындары дертке түрлі анықтама беріп, балаға не болғанын дөп басып айта алмапты. Әбден талықсыған күйінде ғана облыстық жұқпалы клиникалық ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылады.
Алмагүл Ахметова, Іңкәрдің анасы:
- Дәрігерлер өздерінің жұмысын толық білуі керек емес пе? Бірден ауруханаға жатқызып, қажетті ем-дом жүргізгенде баламды аман алып қалар еді. Бірнеше аурухананың арасында сенделіп жүргенімізде уақытты бос жібердік. Қажетті мамандарды шақыртуға болар еді ғой.
Қайғыдан қара жамылып отырған ата-ана дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етуде. Білікті заңгерге жүгініп, прокуратураға да арызданған.
Қажымұқан Ахметов, Іңкәрдің әкесі:
- Болашақта дәрігерлердің мұндай әрекетінен балалар қаза болмауы тиіс. Дәрігерлердің қателігі екендігі айтпаса да түсінікті емес пе? Бізді бір ауруханадан екіншісіне сілтеп жүргенде алтын уақыттан айырылдық.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілі тәуелсіз комиссия құрылып, болған жайтты анықтауға бағытталған жұмыстардың басталғандығын жеткізді. Тексеру аяқталған соң ғана мәселенің мән-жайы белгілі болады. Дегенмен дәрігерлердің дер кезінде шешім қабылдамағанын қазірдің өзінде мойындап отыр.
Светлана Есенаманова, Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:
- Ұйымдастырушылық-тактикалық дефекті бар екенін білеміз. Себебі бала бірнеше қабылдау бөлмесіне барған. Вирустық инфекция барлық органға зақым беріп, миында ісіну пайда болған. Өлім себебі осындай.
Бүлдіршіннің қазасына ата-анасын да кінәлі еткісі келетіндер бар көрінеді. «Дер кезінде дәрігерге қаралмаған» деген уәж айтқандар да болған. Алайда мұны Іңкәрдің жақындары жоққа шығарып отыр. Себебі жанұшырып жедел жәрдемге хабарласқанға дейін тұрғылықты жеріндегі емханадан да көмек сұраған.
Әсия Ерғалиева, Іңкәрдің әжесі:
- Өздерінде бала жоқ па? Немере жоқ па? Айтқан сөздері өте қиын. Өтірік айтып отыр. 7 күннің ішінде олар барлығын да істеп берді. Өз аяғымен барған бала еді, мәйітханадан алып кеттік.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев