Ақтаулық сәби медицина қызметкерлерінің кесірінен мұрынсыз қалды
Бақыт Бекназарова бұл қаржыға баласының танауын операция арқылы қалпына келтірмекші. Төрт ай бұрын шала туылған бала тыныс алу аппаратына қосылған соң, шақалақтың мұрнында жара пайда болып, некроз басталып кеткен. Анасының арызына байланысты қазір дәрігерлердің ісі жан-жақты тексеріліп жатыр.
Бейнежазбадағы кішкентай Талғаттың мұрны жоқ. Дәрігерлер іріңдеп, жараға айналған танауына операция жасап, алып тастады. Анасы Бақыт Бекназарова бұған тыныс алу аппаратын басқара алмаған дәрігерлерді айыптап отыр.
Бақыт Бекназарова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
- Температура берген соң, мұрынға аппарат қойып, екі күннің ішінде одан мұрны осы дәрежеге жетті. Медбикеге бір күн бұрын: «Қараңыз, жара болып жатыр», – деп айтқанмын. «Ешнәрсе болмайды», – деп екі медбике қарамады. Бұл – түнде болған жағдай. Сағат 08:00-де қараса, жаман болып кетіпті. Кезекшіліктегі дәрігерлерге айтпаған, олар өздері де қарамаған. Түнгі 03:00-те қайтадан аппарат салады. Сонымен мұрнын жыртады.
Дәрігерлердің сөзінше, баланың мұрнынан айырылуына анасы да кінәлі. «Бала жүктіліктің бес айынан асқанда дүниеге келген. Анасы ауданаралық автобуста кондуктор болып жұмыс істеген. Тексерулерден өтпеген, бірде-бір анализ тапсырмаған. Сәби бірнеше дертпен туылды», – дейді дәрігерлер.
Әлия Тасырова, облыстық Перинаталдық орталық жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Даму жағынан туа біткен кінәраты бар. Таңдайының жұмсақ және қатты бөлігі жарылып кеткен. Көру, тыныс алу қабілеті жағынан ақау көп. Сонымен қатар сәбиге анасынан құрсақішілік жұқпа берілген. Сәби мұрнынан ағзасына ана сүті арқылы дарыған жұқпаның кесірінен айырылды деуге де болады.
Тәуелсіз сарапшылар баланың мұрнынан қалай айырылғанын анықтау үшін жан-жақты тексеріс жүргізді. Тыныс алу аппаратынан кінәрат табылмаған. Бірақ мұрынға кіргізілетін түтікшелер әлі шеміршегі қатаймаған сәбидің мұрнындағы тінін зақымдаған. Орны жара болып, некрозға ұласқан.
Ерғали Садыманов, қалалық Тауарлар, қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы:
- Шын мәнісінде, стандарттар емдеу және диагностика кезінде бұзылған. Осыған байланысты материалдың барлығы Маңғыстау облыстық Полиция департаментіне, Ақтау қалалық прокуратурасына, Денсаулық сақтау басқармасына берілді. Қателіктер Перинаталдық орталық және Мұнайлы аудандық емханасында орын алған.
Сәби әлі күнге Ана мен бала орталығында түтікшелердің көмегімен тыныс алып жатыр. Баласының болашағына алаңдаған ана дәрігерлерді сотқа берді. Мұрнын қалпына келтіруге қажетті қаржыны талап етпек. Алайда пластикалық операциялар бала алты жасқа толғанда ғана жасалады екен.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев