Қазақстан мен Вьетнам парламентаралық ынтымақтастықты нығайта түспек
Мәжіліс спикері Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Нгуен Тхи Ким Нганмен кездесті.
Екі тарап та өзара парламенттік байланысты жоғары әрі жаңа деңгейде өрістетуге мүдделі. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасымен бірқатар келіссөз жүргізді. Қос мемлекеттің аралас-құраластығы жыл санап артып келеді. Жылдар бұрынғы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге мемлекеттік сапары ынтымақтастық іргетасын тереңдете түсті.
Нгуен Тхи Ким Нган, Вьетнам Социалистік Республикасы парламентінің төрағасы:
- Біз БҰҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді халықаралық, өңірлік алаңдарда серіктестігімізді бекемдейтін боламыз. Әсіресе 2020 жылы Қазақстан Азия кеңесіне төрағалық еткенде, ал Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы кеңесін басқарып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғанда осы мүмкіндікті жіберіп алмау қажет. Бұл қос мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттырады.
Қос тарап парламенттердің заңнамалық жұмысын үйлестірудегі жаңашылдықтар бойынша тәжірибе алмасу қажеттігін алға тартты. Жалпы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен еркін сауда аймағын құрған Вьетнаммен байланыс арта түспек. Тауар айналымы былтыр жарты млрд долларға жетіп жығылды. Вьетнам бізден металл, бидай импорттаса, Қазақстанға жеңіл және тамақ өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды. Әлемде кофе өндіруден Бразилияны басып озған вьетнам халқы еңбекқор, жастары білімге құштар.
Ресми сапарында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин елдегі жетекші жоғары оқу орны Ханой университетінің оқытушылар құрамымен, студенттерімен кездесті. Халқының 98% сауатты Вьетнамда 400-ден астам білім ошағы бар. 2,5 млн студент білім алып жүр. Ханой университеті қабырғасында Абай орталығы жұмыс істейді.
До Вет Хун, Ханой ғылыми педагогикалық университеті басқарма кеңесінің төрағасы:
- Біздің университетте филология факультетінде оқып жүрген студенттер осы орталыққа жиі келеді. Болашақта қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбаевты әлемдік классик деп танитын жастар оның шығармашылығы туралы курстық жұмыс жазып, диссертация қорғауы мүмкін. Себебі Абай туындыларын сұрап келетіндер көп.
Мәжіліс спикері қазақ елі келер жылы ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтетінін жеткізді. Әрине, мәдениет қана емес, сан салада серіктестік дамиды. Жан-жақты парламентаралық байланысты сапалы өрбіту де басты мақсат.
Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы Вьетнам жерінде өткен кездесулер біздің екі елдің даму жолында ортақ мақсаттар бірлескен жобалар көп екенін көрсетті. Оның барлығын заң жағынан қолдау үшін, сонымен бірге парламентаралық достықты ары қарай нығайту үшін біз бірқатар келісімге қол жеткіздік. Бұл келісімдер Қазақстан және Вьетнам арасындағы байланысты одан әрі күшейтуге жол ашады деп сенеміз.
Вьетнамның экономикадағы бүгінгі аяқ алысы айтарлықтай алға басқан. Ішкі жалпы өнімі биылғы жарты жылда ғана 7% өсті. Алпауыт АҚШ пен аспанасты елінің «сауда соғысы» вьеттердің табысын молайтып, сыртқы инвестициясын еселеп жіберді. Аз уақытта 14 млрд шетелдік тікелей инвестиция құйылды. Мамандар тіпті «Вьетнам Азиядағы басты қаржы орталығына айналуы ғажап емес» деген байлам жасап жүр.
Туристік әлеуеті де мығым елмен Қазақстан жақында тікелей әуе рейстерін жандандыра түспек.
Авторлары: Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов