Президент елордадағы инновациялық экожүйе нысандарымен танысты
Оқу орны елордада орналасқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол білім ошағының жұмысымен танысты. Жастармен кездескен Президент оларды ел игілігіне қызмет етуге шақырды.
Тың технология мен соны серпін. Инновациялық жүйелер шоғырланған бұл орынды осылай суреттеуге болады. Қазір «Astana Hub» – қаржы орталығы ғана емес, түрлі стартап жобалар әзірленіп жатқан қайнаған орта. Оның жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы жастарды бұл салаға әлі де көптеп тарту керектігін айтты. Өйткені әлем көш ілгері дамып жатыр. Қазақстан да сол қарқынға ілесуі қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның мақсаты – әлемдік үрдістен қалып қоймау. Ең бастысы заман ағымымен жүріп отыруымыз керек. Әйтпесе біз әлемдік даму үдерісінен сырт қаламыз. Жастарды осындай дағдыларға баулып, аталған салаға көптеп тартуымыз керек. Білім алуға ұмтылатын өте қабілетті жастар жеткілікті.
Қазір технопарк базасында бірнеше стартап жоба жүзеге асырылып жатыр. Ілкімдісі көп. Соның бірі – «Tastamat» мобильді жүйесі. Оның көмегімен хат алмасу және сәлемдеме жіберу анағұрлым жеңілдеген.
Данияр Асанов, «Tastamat» мобильді жобасының негізін қалаушы:
- Бұл – ақылды пошталық терминал. Электрондық коммерция саласында қолданылады. Оның көмегімен сәлемдемелерді дереу әрі арзан бағада жеткізуге болады. Қазір көптеген жеке компанияның әлемдік нарыққа аяқ басып жатқанын көруге болады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмауы керек. Оған барлық әлеуеті жетеді деп ойлаймын.
Жастар түрлі бағытты қамтыған. Айталық, «Clockster» жобасы арқылы қызметкерлердің жұмысқа келіп-кету уақытын автоматты түрде анықтап отыруға болады. Ол үшін саусақ іздері қолданылады. Қазір тың жобаға қызығып жатқан ірі компания көп екен. Біразы соны енгізіп те үлгерген.
Ержан Рысқалиев, «Clockster» жобасының негізін қалаушы:
- «Astana Hub» біздің тынысымызды ашты. Оның көмегімен екі рет шет мемлекетке барып, тәжірибе жинап келдік. Көптеген қаржыгермен жолықтық, өзіміздің жобамызды соларға көрсетіп, қолдау таптық.
Тың технологияға қызыққан жастар алдымен «Әлем» мектебінде білім алады. Ерекшелігі сол – мұнда оқытушы жоқ, ешкім дәріс бермейді. Арнайы бағдарлама арқылы оқушылар білімдерін жетілдіреді. Оларға челледж түрінде тапсырма беріледі. Мемлекет басшысы бұл әдістің ұтымды болатынына сенім білдірді. Қазірдің өзінде елордадағы бұл орталыққа келіп, білім алуға ұмтылып жатқандар көп екен.
Небәрі 4 айда 5 мың өтініш келіп түсті. Қазақстанның түпкір-түпкірінен осы орталыққа келіп, білім алуды көздеп жүргендер көбейді. Шет мемлекеттерден де сұраныс көп. Әсіресе көрші елден келіп жатқандары бар.
Технопарк тынысымен танысқан Президент ізінше «Астана ІТ университетіне» барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары оқу орнының негізгі бағыттары туралы мәлімет беріліп, оқу кабинеттері мен зертханалары көрсетілді. Кейін Президент студенттермен тілдесіп, оларды сапалы білім алып, еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған. Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады.
Джозеф Циглер, «Astana Hub» халықаралық IT стартаптар технопаркінің бас директоры:
- Қазақстанда жастар көп. Бұл – нарықтық экономиканы дамытуға үлкен серпін беретін күш. Сондықтан кейінгі буын өкілдерін жаппай жаңа технологияларды меңгеруге баулу керек. Қазақстанды технологиясы дамыған Сингапур, Ұлыбритания немесе АҚШ сияқты мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Бірақ бұл елдің мүмкіндігі көп.
Дәл осы EXPO қалашығы аумағында цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Келесі жылы мемлекеттік қызмет көрсетудің 90% осы форматқа көшіру жоспарланған. Қазір мұнда 1 220 адамның биометриялық дерегі тіркелген. Осының арқасында олар өздерінің жеке құжаттарын көрсетпей-ақ мемлекеттік қызмет ала алады. Орталық қашықтықтан видеосервис арқылы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елорда тұрғындары бұл жерде цифрлық сауаттылық дағдыларын меңгереді. Орталық жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы: «Қазақстан жоғары технологияларды пайдаланатын алдыңғы қатарлы ел болу керек», – деді.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Бақытбек Нұртаев