Сенат депутаттары сауданы арттыратын құжатты қабылдады
Қабылдаған заң жобасы Қарасу мен Қордай өткізу пунктерінің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шекара маңындағы ынтымақтастықты жақсартуға және айыр қалпақты ағайынмен сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуға қолайлы жағдайлар жасамақ. Бүгінде көп адам Қордай арқылы шекара асады. Алдағы жылдары бұл бекет жөндеу жұмыстарына жабылады. Сол себепті Сарытөбе, Ауқатты автомобиль өткізу пунктерінің жүгі ауыр болмақ. Енді бұл құжатта осы бекеттердің мәртебесін халықаралық деңгейге жеткізу қарастырылған.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Екі ел арасында адамдар мен көлік құралдары ең көп өтетін пункт Қордай болғандықтан, оны жаңартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты бастау 2020 жылдың наурыз айына жоспарланған. Сол себепті Сарытөбе, Ауқатты автомобиль өткізу пунктерін көпжақты халықаралық пунктерге ауыстыру қарастырылуда. Қордай өткізу пункті жабылғанда өтушілер аталған екі бекетті пайдаланады.