Министрлер халықтың мұң-мұқтажын тыңдады
Осыған орай Үкімет құрамындағы барлық министрлік басшысы азаматтармен жүздесіп, оларды мазалап жүрген мәселелердің оңтайлы шешілуіне түрткі болды. Айталық Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі қабылдауға келген тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.
Біздегі кейбір құқық қорғау органдары әділет іздеушіні емес, заң бұзған қылмыскерді жанын салып қорғайтыны бар. Кейде өздерінің жазылмаған заңдары мен ережесіне сүйеніп тым еркінсіп кетеді. 1500 шақырымды артқа тастап, Ақтөбеден арнайы келген М.Панченконың полиция атаулыға өкпесі қара қазандай. Айтуынша, 25 млн теңгелік мүлкі қолды болған. Бірақ полиция қайткен күнде де істі жылы жауып тастауға тырысатын көрінеді.
Михаил Панченко, жәбірленуші:
- Мен сізге арнайы келіп отырмын. Өйткені басқа барар жерім, басар тауым қалмады. Бүгінге дейін 6 тергеуші ауысты. Алтауы да 200 беттен тұратын қылмыстық істі оп-оңай жауып тастағысы келеді. Әділдік іздеп қалалық Ішкі істер департаменті басшысына 4 рет бардым. Менің мәселемді шешіп беруіңізді өтініп сұраймын.
Қарамағындағылардың жүрдім-бардым жұмысы министр Ерлан Тұрғымбаевты жерге қаратты.
Мәселенің ар жағында бір шикіліктің барын министрдің өзі де сезгендей. Ауыр күрсінді. Сөйтті де, амалсыз ауыр сөз айтуына тура келді.
Қабылдауға Михаил Панченкодан басқа да тағы 100-ден аса адам жиналды. Бәрінің мұңы бір. Біреуі полицияның әділетсіздігін, екіншісі тергеудің заңсыздығын алға тартты. Ал олардың мәселесі қалай шешілетіні министрлікке, министрге байланысты.
Мағира Жекебаева Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін бетпе-бет көргеніне риза. 21 жасында аяғынан айырылған мүгедек әйел ведомствоның бұрынғы басшыларының ісіне күйініп отыр. Айтуынша, министрлік өкілдері әйелге протез жасатуға уәде берген. Құжаттық шаруалары да шешілген. Бірақ сайып келгенде дайын протезді өзге біреу иеленіп кетіпті. Сөйтсе темір аяқ та тек тамыр-танысы барлар алатын дүние екен.
Мағира Жекебаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мені 3 жыл алдады. Алматыдағы ортопедия бастығымен кездестім. Аяғымның қаны жүрмей қалған ғой. Келсем, менің протезімді екі аяғы жоқ біреуге беріп жатыр. Мынадай сұмдықты көрген жоқпын. Содан жылап қайттым.
Біржан Нұрымбетов бұрынғы басшылардың кінәсін жуып-шаюға уәде берді. Мәселені өзі бақылауға алатын болды.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министріне бір топ ата-ана «Қолдау» деп аталатын бағдарламаны іске асыруға қолдау сұрай келіпті. «Елімізде мүгедек балалары бар ата-аналарға психологиялық демеу беретін орталық жоқ», – дейді олар. Алдымен елордада үлкен орталық ашсақ, сосын оны аудан, ауылға жеткізбек ниеті бар.
Нұргүл Балтабайқызы, «Аутизм Қазақстан» ұлттық қауымдастығының жетекшісі:
- Күнде күйзеліс. Осындай баламен өмір сүру өте ауыр. Сондықтан психологиялық көмек қажет. Үкімет қаржыландырып, осы жобаны іске асырсақ, жақсы болар еді деп ойлаймын.
Қашан да дау-дамайдың ортасында жүретін Денсаулық сақтау министрлігі бір күнде 50 адамның мәселесін шешіп тастады. Бас дәрігермен бетпе-бет жүздесу былай тұрсын, министрліктің табалдырығын аттау оңай шаруа емес. Содан болар жиналғандардың қарасы қалың. Көкшетаулық Арманның арманы ауыр науқасқа шалдыққан әйелін аяққа тұрғызу еді. Елжан Біртановпен кездесіп, үміт оты жылт еткендей болды.
Арман Боташев, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Кесар тілігі кезінде ағзасына инфекция енген. Барлық мүшесі жұмыс істемейді. Қазіргі уақытта ем алып жатыр. Болашақта шетелге шығара ма? Соған көмек сұрауға келіп тұрмыз. «Шешіледі» деп сөз берді.
Қазақта «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Министрдің де жауапкершілігі сол әкімнен бір мысқал кем емес. Сондықтан министр қашан да елмен болғаны құба-құп.