Вокзал торыған алыпсатарлардан жолаушыларға билет қалмайды
Кассаға бас сұғып, билет сұрасаңыз «жоқ» деген жауап жиі естіледі. Есесіне сіз іздеген қат қағаз делдалдардың қалтасында бар.
Жолаушы болдық. Вокзал маңын билет іздеп шарладық. Кассада қаптаған кезек. Ал біз тікелей жолсеріктерге орын сұрап бардық. Бірі екіншісіне сілтеді, ол басшысын күтті. «Орын тауып бере аламыз» деп тұрды да, жасырын түсіріп тұрғанымызды байқаған бойда диалог үзілді.
Негізі бұл бағыттағы билет 10 мың теңгенің шамасында. Ал жеке кассадағы қызметкерлер оны 50% қымбаттатып, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалуда. «Билеттің болмауы алыпсатарлардың жасайтын қулығына да байланысты болуы мүмкін» деген жорамалды ресми өкіл де растады. Мәжіліс депутаттары да алыпсатарларға жазаны қатаңдату керектігін қадап айтты. Айыппұл жарты миллионға дейін көтерілуі мүмкін.
Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі:
- Билет тапшылығы вагон жетіспеушілігінен туындайды. Екінші үлкен мәселе – алыпсатарлар мәселесі. Өздеріңіз білетіндей бұл мәселе бізде бар. Біз оны мойындаймыз. Алыпсатарлар көбіне өзіне немесе 3-4 адамға сатып алады да, билет іздеп жүрген адамдарға 5-10 есе қымбат сатады. 1 шілдеден бастап жаңа жүйе енгіздік. Бұл алыпсатарларға бөгет болады.
Бірақ бұл бастаманың бөгет бола алмай тұрғанын байқадық. Тағы бір көзге түскені: билетті әр адам өзі ала алатын терминалдар толып тұр. Тек бірде-бірі қолдануға жарамсыз. Касса қызметкерлерінің айтуынша, орнатылғанына бір жыл болғанымен, арада 6 айдан кейін бәрі жаппай істен шығыпты. «Қызмет етуге жарамсыз қымбат құрылғыларды алып тастау үшін тиісті құжаттарды күтіп отырмыз», – дейді.
Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Аят Дүсембаев, Марат Диханбаев