Хабар телеарнасы

ШҚО-да ауа райына байланысты жылыту бекеттерін әзірлеп жатыр

Әсіресе қыс айларында ескертуді елемей жолға шығып, діттеген жеріне жете алмай қалған жолаушылар жетерлік. Республикалық мәртебеге ие автокөлік жолдарында жылыту орындары мен медициналық құтқару бекеттерін ашу тиімді екені дәлелденді. Қазір еліміздің шығысында сары аяз сақылдап тұр.

Өскемен-Семей-Нұр-Сұлтан бағытындағы автокөлік жолындағы медициналық құтқару бекеті жолаушыдан босамайды. Әсіресе қыста көлігі бұзылғандар мен жолда денсаулығы сыр берген жандар осы жерден көмек сұрайды. Ал бұл бекетте жыл он екі ай тәулік бойы 5 маман жұмыс істейді.

Бекболат Азаматов, медициналық-құтқару бекетінің дәрігері:

- Негізгі міндетіміз – жол апатынан құтқару. Көбіне көрген кісілер өздері келіп айтады. Біздің шығуымызға 1 минут қана беріледі. Баратын жерімізге 15-20 минуттың ішінде жетуіміз керек.

Жеткен соң бірінші кезекте медициналық көмек көрсетеді. Сақылдаған сары аязда немесе ақтүтек боранда жолда қалған жолаушылар осы жерден пана табады.

Жандос Әміренов, көлік жүргізуші:

- Семейден келе жаттық. Машинамыз Қызылсудың жанында сынып қалды. Осында телефон соқтық. Бізді мұнда алып келіп, тексеріп, шай берді. Жылынып қалдық.

Әсіресе желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында бекеттің маңында жүк көліктері апталап тұратын кездері болады. Биыл шығыста қараша айы қарсыз жайлы болғанмен, соңғы үш тәулікте қаһарына мінді. Түнде 35°С, күндіз 33-35°С-қа дейін сары аяз сақылдады. Жолдардың көбіне шектеу қойылды.

Тек жеке көлік жүргізушілері емес, автобустар да жолда қалады. Ондай жағдайда қосымша көмек шақырылады.

Болат Әлімжанов, фельдшер:

- Жақында біздің бекеттен 10 шақырым жерде шағын автобустың сынып қалғаны туралы хабар түсті. Жолаушылардың тоңа бастағанын естідік. Бірден барып көмектестік. Ал алыста болса, жолаушыларды жеткізуде біраз қиындық болар еді.

Жалпы еліміз бойынша жолда құтқаратын медициналық 40 бекет болса, оның 4-еуі Шығыс Қазақстан өңірінде. Бұдан бөлек 19 жылыту орны бар. Бұл – үнемі алыс жолға жүретін жүк көліктерінің жүргізушілері үшін үлкен көмек. Ал бұл жақта қыс ұзақ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин