Ақтөбелік маман Президенттің жастар кадрлық резервіне өтті
Еліміздің барлық өңірінен өтініш берген жастарды онлайн режимде тестілеу тәмамдалды. Қатаң іріктеуден өткен азаматтар болашақта мемлекеттік басқару жүйесінің діңгегі болуы тиіс.
Ләззат Әділова Ақтөбедегі мұнай компанияларының бірінде бөлім басшысы болып еңбек етеді. Бірнеше жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған маман: «Мемлекеттік қызмет туралы бұрын ойламаған едім», – дейді. Президенттік кадрлық резерв туралы жұбайынан естіпті. Білімі мен тәжірибесін халық игілігіне жаратуды да жолдасы ұсынған.
Ләззат Әділова, мұнай компаниясы менеджері:
- Мен инфрақұрылымды дамыту, қызмет саласын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс және қоршаған ортаны қорғау бағыттарын таңдадым. Өйткені бұл бағыттар Қазақстан экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады және осы экономиканың қарқынды дамуына үлкен үлес қосады деп білемін.
Ләззат жастар кеңесін құрып, замандастарына қолдау көрсетуді жөн санайды. 8 жылға таяу мұнай саласында еңбек ететін Ләззат Әділованың көшбасшылық қасиетін әріптестері жоғары бағалап отыр.
Дәуренбек кеңесов, Ләззат Әділованың әріптесі:
- Ләззатты өте тиянақты, өзінің жұмысын, алға қойған мақсаттарын жетік білетін кәсіби маман деп білемін. Жұмыста оң шешім қабылдай біледі.
Кейіпкеріміз – қазақ тілінен өзге 4 тілді меңгерген дайын дипломат. Табанды әрі еңбекқор маман спортпен шұғылдануға уақыт табады.
Ләззат Әділова, мұнай компаниясы менеджері:
- Спорт денемді шынықтырады. «Дені саудың – жаны сау». Ол маған қосымша жұмыс жасауға күш береді. Сондықтан спортпен шұғылданғанды жақсы көремін.
Президенттік кадрлық резерв құрамына енуге 13 212 үміткер ниет білдірген. Олардың қатарында шетелде жүрген еліміздің азаматтары да бар. Алайда қатаң іріктеуден тек 400 маман өтіп, қазір олар сарапшылық комиссиямен сұхбатқа дайындалуда. Нәтижесінде Ұлттық комиссия 300 жас маманнан құралған Президенттік кадр резервін жасақтайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков