Ержан Максим «Junior Eurovision 2019» байқауынан алған әсерімен бөлісті
Польшаның Гливице қаласында өткен дүбірлі додада жерлесіміз ІІ орынды иеленіп қайтты. Жас әнші баспасөз өкілдерімен кездесуде ән байқауында алған әсерлері және қызықты жайттарымен бөлісті.
Ұшақтың бір сағаттай кешігіп қонуы Ержан Максимді күтіп алуға келген жанкүйерлердің көңіл-күйіне еш әсер еткен жоқ. Сағат тілі түнгі 03:00-ден өткенде жиналған халық сүйікті әншісін ыстық ықыласпен қарсы алды.
Алыс жолдан шаршап келгеніне қарамастан, Ержан мен анасы Гүлмира Әлібек «Хабар» арнасының директоры Динара Бисембина және меценат Арман Бакеевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатына келді. Сауалдар негізінен Ержанның көңіл-күйі, байқаудан алған әсері туралы болды.
Ержан Максим, «Junior Eurovision 2019» байқауының жүлдегері:
- ІІ орын да жаман дәреже емес деп ойлаймын. Қазақстанға осындай жүлде бұйырғанына қуаныштымын.
Байқауда қазылар алқасының шешімі бойынша ең көп дауысты жерлесіміз Ержан Максим жинап, ол І орынды иеленіп тұрған еді. Алайда онлайн дауыс беру нәтижесінен кейін поляк қызы І орынға шығып, Ержан ІІ орынды иеленді.
Бірақ ғаламторда әлемнің түкпір-түкпірінен «Нағыз жеңімпаз – Ержан Максим» деген пікірлер айтылуда. Тіпті қазақ тілінің әуезділігіне сүйсініп, осындай ұлды дүниеге әкелген қазақ топырағына, әсіресе ата-анасына алғыс айтқандар өте көп.
Гүлмира Әлібек, Ержан Максимнің анасы:
- «Қазақстан мықты болды» деген пікірлерден құлағдармын. Италиядан, Португалиядан келген делегациялардың гримдеу бөлмесі бізге жақын болды. Байқау соңында жеке-жеке келіп, Ержанды құттықтап, халқымыз да ризашылығын білдірген кезде біз барлығын да ұмытып кеттік.
«Хабар» арнасы Ержан Максимнің жеңіске жетуіне барынша қолдау көрсетті. Себебі Агенттік – Еуропалық хабар тарату одағының қауымдастығына мүше, яғни «Junior Eurovision» байқауына үміткер ұсыну мүмкіндігіне ие.
Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Былтыр Данэлия Тулешованы жіберсек, екінші ретте біз Ержан Максимді жіберуді жөн санадық. Ержан барша қазақстандықтың үмітін ақтады деп ойлаймын.
«Хабар» арнасының басшысы Агенттік бұдан әрі де жас дарындардың танылуына мүмкіндік жасап, осындай жобаларды жалғастыратынын айтты. Ал Ержан қазірдің өзінде байқау жеңімпаздарымен Польшада ән жаздырып қайтқан. «Енді басқа да дүбірлі додалардан қалмаймын», – дейді жас өнерпаз. Болашақта сол елде өзінің жеке концертін беруді де жоспарлап отыр.
Авторлары: Алуа Маханбет, Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев