«Токамак» қондырғысының құрылысы аяқталды
Келесі жылдан термоядролық синтезге бағытталған маңызды жобалар іске асады. Осы айда қондырғыны іске қосуға қажет плазмалық разряд алынды.
Бұл – «Қазақстанның әлемдегі ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары алпауыт елдермен терезесі теңелді» деген сөз.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- 1949 жылы Кеңес Одағы тап осы жерде дүние жүзін дүр сілкіндіріп, ядролық қаруды сынақтан өткізді. Енді 70 жылдан кейін тәуелсіз Қазақ Елі атомды бейбіт мақсатқа пайдалану жолында айшықты оқиғаны тарих жылнамасына жазды. Мына тұрған әлемде теңдесі жоқ термоядролық синтезге бағытталған «Токамак» қондырғысының шешуші кезеңі іске қосылды.
Ғаламат қондырғыны салу жөніндегі шешімді 1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей академигі Евгений Велиховпен бірлесіп қабылдаған. Құрылысы 20 жылға созылған жоба толық аяқталып, өміршең екендігін көрсетті. 20 қарашада қондырғыны физикалық іске қосудың екінші және соңғы кезеңінің талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды. Сынақ кезінде сутегі қолданылған.
Ержан Қашықбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядро орталығы Термоядролық бөлімінің топ жетекшісі:
- Бірінші кезеңде нәтижелер сәл басқаша болды. Екінші кезеңде өте жоғары нәтижелерге қол жеткіздік. Ол нәтижелерге жету тынымсыз еңбекті талап етті. Плазманың тогы – шамамен 100 килоамперге. Плазманың тығыздығы – 5*10-ның 14-інші дәрежесі болған сантиметр. Плазманың ұстап тұру уақыты – шамамен 65 милисекунд.
Маңызды шараға отандық ғалымдармен қатар Ресейдің Курчатов институты Ұлттық зерттеу орталығының термоядролық энергетика және плазмалық технологиялар кешенінің мамандары қатысты. Осылайша қазақстандық материалтану токамагын салу жобасы аяқталып, омдық жұмыс режимінде разрядтың жобалық параметрлеріне шығару қолға алынды.
Эрлан Батырбеков, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядро орталығының бас директоры:
- Бұл оқиғаның маңызын былай түсіндіруге болады. Қондырғының жобалық қуатында іске қосылуы Қазақстанның ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары әлемнің алпауыт елдерімен терезесі теңескенін білдіреді. Бұл термоядролық синтезге бағытталған технологияларды игеруге жол ашылғанын білдіреді.
Қондырғыны толық қуатында игеріп, одан әрі адамзат игілігіне пайдалану жұмыстары «Атом-ТМД» бағдарламасы және ТМД елдерімен «КТМ» токамагын бірлесіп пайдалану туралы тиісті келісім шеңберінде іске асырылатын болады. Бұл жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы